A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 10:40 0

Өңір футболындағы өрлеу: «Алтай Өскемен» келер маусымнан бастап Премьер-лигада ойнайды

Бүгін / Басты / ШҚО / Спорт

Осы сөйлемге кейбірі тереңінен үңілмей, үстіртін көз жүгіртіп өтуі мүмкін. Бірақ Өскеменнен өзге, аймақтың әр түкпіріндегі футболсүйер қауым енді күнтізбеге бір қарап, «Алтай Өскеменнің» ойындарына арнайылап келетіндері сөзсіз. Бұрын «Восток» стадионына халық алабөтен мол жиналатын. Алаң төңірегіндегі айқай-сүрең аумақтағы бірнеше көшені түгел қамтып, қалалықтар футбол мерекесін шынайы сезінген. Сол сезім енді көптің көкейінде қайта түлеп, ала доп аламаны жанданатын сәт жақындап келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тұрақтылық тұғырға көтерілген тұс

Әуелде өскемендік ұжым «Восток» деп аталды. Шетелдік бапкерлер келіп, білгенімен бөлісті, өздері тиімді деп санаған ойын тактикасын қойды. Негізі редакция ұжымының «Алтай Өскемен» клубы жеткен жетістікке айрықша қуануының себебі сол, 2024-ші жылдың қаңтарында өңір футболы туралы көлемді мақала жазған болатын. Ол материалда ресми ақпарат пен футбол жанашырының ойын ұштастырып, аймақтағы ала доп ахуалын сараптап жазуға тырысқан едік. Мақсат сол, өскемендік ойыншылардың әлеуетін бағамдап, қалада аталған спорттың қайта өркендеу мүмкіндігіне үңілу. Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығы жіберген сауалхатымызға уақтылы әрі толық жауап беріп, кеудемізге үміт дәнін сеуіп үлгерген еді. Яғни, академия бұрынғы жұмысын қайта жандандырып, қаржыландыру жағы реттеле бастағаны айтылды. Еуропалық (Шахтер, Корона) клубтарда шеберлігі шыңдалған түлектер де кіндік қаны тамған жерде атой салуға дайын көрінді. Алысқа бармай, шыққан сәтте шабуылды ширата білетін Сергей Хижниченконы бөле-жара айтуға болады. Одан басқа да жастар жоқ емес-тін. Қысқасы, сол ақпаратқа іштей иланып, алдағы жылдардан үміт күткеніміз рас. Бірақ ол уақытта «Алтай Өскеменнің» алдында Бірінші лигаға өту межесі тұрды. Аз уақытта олай ету мүмкін емес көрінгенімен, бапкерлік құрам жоспарды толық орындады. Сонда халықаралық тәжірибеге ие, лицензиясы бар жергілікті жаттықтырушыларға қайран қалған едік. Себебі, бізге сонау 1980-ші жылдардан бері аймақ футболындағы ауыс-күйіс, ойыншылар құрамы туралы дерекпен бөліскен тәжірибелі бапкер Жандос Юсубалиев мамандар өз ісіне тиянақты, тек бәрі айналып келгенде қаржылай қолдауға келіп тірелетінін жеткізді. Мәселен, 2016-шы жылдары Өскеменге италиялық бапкерлер, оның алдында испан және украиналық азаматтар келіп еңбектенгенін естідік. Олар балаларды жаттықтырған. Жас буын дайындығы үзілмеу керек, әрине. Әйтеуір соңғы жылдары «Алтай Өскемен» жеткіншектері де, жастары да жанкүйер сенімін ақтап, бапкер үдесінен шығып келеді. Биыл тамыз айында 2016-шы туған балалар Болгарияда чемпион атанып қайтты! Бірыңғай Шығыс Қазақстан тумалары жат жұртта ел намысын абыроймен қорғап, еуропалық клубтарға еш мүмкіндік бермеді. Осы уақытта «Алтай Өскемен» ересектер құрамы Бірінші лигада әр ойын сайын турнир кестесінде жоғарылай түсті. Кейбірі сұрмергендер арасында алғашқы бестік пен ондыққа еніп жатты. «Восток» стадионында белсенді жанкүйерлер тобы құрылып, қыркүйек кезінде қатары кәдімгідей молайды. Тек жаттығулармен шектеліп, көбінде облыстық лигалар өткізілетін алаң апта сайын көрермен қиқуы мен қолдауының куәсі атанды. Еститініміз жеңіс, клубтың ресми парақшасынан көретініміз әдемі голдар. Ең бастысы, командада тәртіп бар. Ойын кезінде сары қағаз алған сәттері ілуде біреу. Демек, бапкерлік құрам дайындық кезінде шабуыл, тактика, қорғанысқа ғана емес, түрлі компонентке қатар назар аударады. Жаттықтырушы кім дейсіздер ғой? Жамбылдың тумасы, қазақстандық талай клубта доп теуіп, 90-шы жылдары Германияның Пройссен 07, Гёттинген 05 ұжымында ойнаған Вахид Масудов. Иә, ол жартылай қорғаушы ретінде Қазақстан намысын да қорғап, 1986-ші жылы КСРО спорт шебері атанды. Кейін бапкер ретінде көптеген клубта тер төкті. Чемпиондар лигасында енді қарқын ала бастаған «Қайратқа да», бірнеше жылда еңсе тіктеп үлгерген «Елімайға да» еңбегін сіңірді. Бүгінде «Алтай Өскеменге» аялдаған.

Тамыз айында тартысты матчтар легі күрт артқан. Жауапкершілік жүгін сезінген жергілікті жігіттер көп жағдайда қарағандылық «Шахтермен» турнир кестесінде талас жүргізді. Себебі, бірінші, екінші орындарда тұрған «Каспий» мен «Ертіс» басқасынан едәуір қара үзіп кеткен еді. Ендігісі үздік үштікті түйіндеп, Премьер-лигаға жолдама алу керек. Масудов шәкірттері тамыздың 17-сі күні «Ертіспен» тең (1:1) ойнап, маңызды ұпай алды. Ал қазанның 24-і күні өз алаңымызда «Академия Оңтүстік» клубын 4:1 есебімен сенімді ұтып, ең соңғы жолдаманы қалтаға басты!

 

Биылғы бюджет

Араға аттай 13 жыл салып, өскемендік ұжым кіл мықты ұжымдармен ойнауға қайта мүмкіндік алды. Бұл нені білдіреді? Енді футбол стадионы салынуы қажет. Мұзтаудың мұзбалағы Оралхан Бөкей «Біздің жақта қыс ұзақ» деп жазғандай, Алтайдың климаты қатал. Күздің соңғы айларында далада доп тебу мүмкін емес. Жергілікті клубтың жеңісі, қаржы жағынан тұрақтылық жібі түзу, әрі төбесі жабық футбол стадионын салуға негіз болды. Ол туралы жуықта Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов жиында айтып берген еді. Бірақ ол 5000 адамға шақталмақ. Кей қалада 20-30 мыңдық стадион барын ескерсек, Өскемендегі нысан әлдеқайда шағын болғалы тұр. Неге олай? Сөйтсе, мұның жауабын тереңнен қазудың қажеті жоқ екен. Можанов мырза да Шығыстың климатын алға тартты бірден. Сосын бұл төбесі жабық стадион болатындықтан жоба қыруар қаражатты қажет етеді. Есесіне, бұл UEFA талаптарына толық сай келетіндей етіп салынбақ.

- Қазақстан чемпионаты елімізде наурыз айында басталады. Ал бізде көп жерде әлі қар жатады, күн де аса бір жылына қоймайды. Осы жағы ескерілді. Жер учаскесі таңдалды. Бұйырса, қаңтар айында есеп-қисап толықтай әзірленіп, көктемге қарай құрылыс қамына кірісеміз, – деді басқарма басшысы.

Қай спортты алсақ та, үздік нәтиже озық инфрақұрылыммен өлшенеді. Мұны облыс әкімдігі де, Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығы да түсініп отыр. Төбесі жабық футбол стадионының құрылысы біткенше, Премьер-лига матчтары «Восток» стадионында өтеді. Ресми ақпаратқа сенсек, киім ауыстыру, жуыну бөлмелері толықтай жөндеуден өтеді, стадион маңындағы шамдар жаңартылады. Бұған кететін қаржы да бәлендай көп емес екен. Оған қоса, аталған стадион жаңартуды қажет етсе де, UEFA талаптарына сай келіп тұр. Бұл ең маңыздысы.

Сосын жалақы жағы тұтас ұжымды қанағаттандыруы тиіс. Былтыр жазған мақаламызда 2023-ші жылғы мәлімет ұсынылған еді. Онда футболшылар шамамен 160 мың теңгені қанағат етіп жүргендері жазылды. Биыл сандар басқалай сөйледі. Анығы сол, 2026-шы жыл маусымына команда бюджеті әлі келісіліп жатыр, нақты бекітілмеді.

- 2025-ші жылғы маусымда, команда Бірінші лигада өнер көрсеткенде жалпы бюджет шамамен 300 млн теңгені құрады. Биыл футболшылардың орташа айлығы тәжірибесіне, командадағы рөліне және келісімшарттың жекелеген шарттарына қарай 300-500 мың теңге аралығында, – делінген Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұсынған ақпаратта.

Екінші лигадан Бірінші лигаға өткенде клуб құрамында бірыңғай шығысқазақстандық жігіттер доп тепті. Биыл да солай. Премьер-лига жолдамасы жерлестер жанкештілігі һәм жаттықтырушылардың жүйелі еңбегі арқылы бұйырды. Көпшілік бірде-бір легионерсіз осындай нәтиже тіркелгеніне таң-тамаша. Оған қоса, команда бюджеті кей ұжымға қарағанда анағұрлым аз. Бір есептен, Қазақстан Бірінші лигасының регламенті шетелдік футболшылардың ойнауына рұқсат бермейді.

- Құрам тәжірибе мен жастықтың үйлесімі негізінде жасақталды. Командаға өңірімізден шыққан жас ойыншылар мен тәжірибелі қазақстандық ойыншылар шақыртылды. Әсіресе, ұжымның дамуына зор үлес қосқан өңір тумалары Алмас Сапарғалиев, Сергей Хижниченко, Аслан Жанұзақов сияқты жігіттерді тартуға көңіл бөлінді, – деді басқарма өкілдері.

 

Клубты кімдер күшейтуі мүмкін?

Мақсат сол, дайындықтың оңтайлы жүйесін құрып, команданы біртіндеп күшейту. Футболшылардың орташа жасы – 22-23 жас. Ал басқасы емес, дәл Вахид Масудовтың шақырылуы Премьер-лигаға шығуға дайындық стратегиясының бірі болған. Сұхбаттарының бірінде өскемендік ұжыммен жұмысты бастағанда футболшылардың ойын үйлесімі тайға таңба басқандай бекітіліп қойғанын айтады. Мұның артында шығысқазақстандық бапкерлер біліктілігі тұр. Ол клуб директоры Нартай Чамбилов пен спорттық директоры Алексей Шакинді атап өтті. Сосын команданың федерация алдында берешегі жоқ екен, бұл да алаңсыз жаттығуға мол септігін тигізген.

- Өскемендік ұжыммен 2010-шы жылы Бірінші лигада үздік шыққан едік. Қазір мұнда қаражат жағынан тұрақтылық бар. Мол ақша демесем де, айлық уақтылы түседі. Жігіттердің өзара тілеулестігі мен ауызбіршілігі ұнайды. Әр ойынды қалт жібермей, келіп, қолдау білдіретін жанкүйерлерге зор алғыс, – деді бас бапкер.

Еуропаның үздік ұжымдарымен кездесіп жүрген қазақстандық азулы клубтардың енді Өскеменге жиі келетінін ескерсек, маусым алдында клубты тәжірибелі ойыншылармен толықтыру жоспарда бар. Кімдер келетіні алдағы уақытта айқындала жатар. Дегенмен басқарма басшылығы қазір жергілікті тәрбиеленушілерді даярлауға баса мән беріліп жатқанын мәлімдеді. Осы ретте өңір жұртына футбол мейрамын әкеліп, бірнеше жыл ішінде межені асыра орындаған жігіттер тізімін ұсынуды жөн көрдік.

1. Алмас Сапарғалиев

2. Әбілқайыр Аляқпар

3. Ораз Сайылбаев

4. Тимур Реджепов

5. Гаврил Кан

6. Ибрагим Дадаев

7. Досжан Кенжеғұлов

8. Артем Тететрин

9. Сэйф Попов

10. Әліби Мұхит

11. Сергей Иванов

12. Ануар Сапарғалиев

Бұдан бөлек, Асылбек Сейітқалиев, Әділет Омарбек, Омар-Василь Нұртаев. Данил Поземин, Жаннұр Күкеев, Супьян Масудов, Бексұлтан Слетов, Роман Брагин, Равиль Атықанов, Сергей Хижниченко және Дастан Дархан команда құрамында. Енді осы футболшылар жоғары дивизионда тұрақтап қалуға барын салмақ. Алға қойылған меже сондай. Тартысты ойындар көрсетіп, клуб имиджін сақтауға мән беріліп отыр. ТОП клубтар Өскеменге келмей тұрып, алаң сапасы жақсартылады. Қазір клуб «Восток» стадионында Премьер-лига ойындарын өткізу үшін қажетті сертификат алу жұмысын жүргізіп жатыр.

 

***

 

Отандық футболдың дамуы бір орында тұрған жоқ. Соңғы нәтижелер соның куәсі. Ұлттық құраманы былай қойып, клубтық деңгейде ой қорытсақ, «Алтай Өскемен» бағындырар шың «менмұндалап» тұр. Алматылық «Қайрат» азуын айға білеген «Реал», «Интерге» қарсы тұрды. «Елімай» ендігі маусымнан бастап еурокубоктік матчтарға қатысуға мүмкін алды. Ал Вахид Масудов шәкірттері әзірге ішкі чемионатта үздік ойын көрсетсе дейміз.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив