A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 12:40 0

Зайсан ауданында алға жылжу байқала ма?

Бүгін / Зайсан

26 қарашада Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы ауданның 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша есептік баяндама жасап, негізгі бағыттардағы не өзгергенін атап өтті. Өткен жылмен салыстырғанда барлық салада өсім бар деп сеніммен айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Амбулатория құрылысы қашан аяқталады?

Оның айтуынша, аудан тұрғындарының қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Биыл төтенше жағдайлар бөлімінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңарды.

– Өрт сөндіру қызметіне 7 өрт сөндіру және 4 қосалқы техника алынды. Ауылдық өрт сөндіру бекеттеріне 14 маман жұмысқа қабылданды. Шекаралық ауданымыздың төтенше жағдайлар бөлімін күшейту мақсатында өткен жылы 1 КамАЗ және демеушілер көмегімен 8 ауылға қайықтар мен арнайы киімдер жеткізілді, – деді аудан әкімі.

Ауданда денсаулық сақтау қызметінің де сапасы жақсарып келеді. Жыл басынан бері 340 нәресте дүниеге келген.

– Зайсанда 1 аудандық аурухана, 9 дәрігерлік амбулатория, 14 медпункт, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 жеке меншік емдеу орталығы тұрғындарға қызмет көрсетеді. Ауруханада кадр тапшылығы жоқ. Биыл акушер-гинеколог және екі жалпы тәжірибелі дәрігер жұмысқа қабылданды. Алты жас маман тұрғын үймен қамтылды. Емдеу мекемелеріне компьютерлік томография орнатылып, аудан мен көршілес елдімекендерден келетін тұрғындарға сапалы қызмет көрсетілуде. Былтыр “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында Жаңатұрмыс, Саржыра ауылдарында 2 медпункт, Жарсу ауылында фельдшерлік-акушерлік салынды, – деді Аэлита Ахметсәлімқызы.

Айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Қаратал ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Келер жылы Жалши мен Бақасу ауылдарындағы медпункттер күрделі жөндеуден өтпек. Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Биыл ауданда 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Үлкен Қаратал мен Саржыра ауылдарында мектеп құрылысы, Жарсу ауылында спорт корпусының құрылысы жалғасуда.

– Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Ауданда 105 спорт нысаны, 11 мәдениет ошағы жұмыс істейді. Түрлі спорт секцияларында екі мыңнан астам жасөспірім жаттығады. 2025 жылдың шілдесінде ауданның футбол командасы облыс чемпионы атанды. Дзюдодан өткен облыстық ашық турнирде 6-шы сынып оқушысы Пазыл Ерасылұлы 1-орын иеленді, – деді әкім.

Белгілі болғандай, ауданда «Жас project» жобасы бойынша 18 адам 1 млн теңгеден грант алып, кәсіпкерлікті бастаған.

– «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында 8 адам 1,5 млн теңгеден қайтарымсыз грант иеленген. «Бастау бизнес» жобасында 29 тұрғын кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Жыл басынан бері 425 адам жұмысқа орналастырылса, 455 жұмыссыз жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. 21 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ жаңа әуежайға мамандар даярлау үшін жәрмеңкелер өткізіліп, 30-дан астам адам Өскеменге оқуға жолданды. Соңғы үш жылда «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 52 маманға көтерме жәрдемақы, 20 маманға бюджеттік несие берілген. Алты жас дәрігер тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ал биыл 4 жас маманға ауылдан үй сатып алуға көмек көрсетілді.


Газ төңірегіндегі наз

Интернет сапасын жақсарту мақсатында Шілікті, Жалшы және Жаңатұрмыс ауылдарында антенна-мачталық құрылғылар орнатылған. 16 мектеп «Starlink» жүйесіне қосылды.

Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 24,6 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге артты. Ет, сүт, жұмыртқа өндіру көлемі тұрақты өсуде. «Зайсан-Вет» мекемесі 11 арнайы автокөлікпен жаңартылды.

– 155 шаруашылық Үйдене су қоймасынан 8,6 мың гектар алқапты суарып отыр. Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғанда суармалы жер көлемі 10 мың гектардан асады. Кендірлік су жүйесін жаңғырту Үкімет бағдарламасына енгізілді. Өткен жылы ауданда алғаш рет тамшылатып суару технологиясы енгізілді. Өнеркәсіп өндірісі 7,6 млрд теңгеге жетіп, 27,4%-ға артты. ШОБ субъектілерінің саны 4 мыңға жуықтады, – деді Аэлита Ахметсәлімқызы.

Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарының көлемі 24 млрд теңге болып, 12 мың шаршы метр тұрғын үй және көпқабатты 30 пәтерлі үй қолданысқа берілді.

Ауданда алты туристік оператор, 7 қонақ үй және бір демалыс базасы жұмыс істейді. Майқапшағай кеден бекеті мен Зайсан автовокзалы арасында күніне 6 рейс қатынайды. Ал туристер саны тәулігіне 1200 адамға дейін жетеді. Сондай-ақ Біржан, Сарытерек ауылдарында 4,1 шақырым көше жөндеу жұмыстары аяқталды.

– 25,2 шақырым автожолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зайсан, Шілікті, Қаратал, Айнабұлақ, Қайнар-2, Дайыр, Қарабұлақ ауылдарының көшелері ағымдағы жөндеуден өтті. Биыл «Зайсан» коммуналдық мекемесі 210 млн теңгеге 7 жаңа техника алды, – деді аудан басшысы.

Ауданда салынып жатқан жаңа халықаралық әуежай 2026 жылдың мамыр айында іске қосылады деп жоспарлануда. Әуежайдан Зайсан – Астана, Зайсан – Алматы, Зайсан – Үрімші бағыттарына рейстер ашылады. Анықталғандай, Зайсан ауданындағы Сарытерек, Дайыр, Бақасу, Сарыжыра, Жарсу, Біржан, Қуаныш және Көкжыра ауылдарына газ тартылмағаны туралы тұрғындардан жиі шағым түседі. Аудан әкімінің есептік кездесуіне қатысқан тілшіміз осы мәселеге қатысты сауал қойған болатын.

– Сарытерек, Дайыр, Бақасу, Сарыжыра, Жарсу, Біржан, Қуаныш, Көкжыра ауылдарының тұрғындары үшін бұл – үлкен мәселе. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттарды түзету жұмыстары толық аяқталды. Енді құжаттар мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Егер сараптама жыл соңына дейін аяқталса, келер жылы қаржыландыру мәселесін шешеміз, – деп жауап берді аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы.

Аудан басшысының айтуынша, өңірде маман тапшылығы айтарлықтай сезілмейді. Дегенмен мал шаруашылығы саласында жұмыс күші жетіспейді.

– Бізде жалпы маман тапшылығы қатты байқалмайды. Қажетті мамандарды қамтуға тырысып жатырмыз. Тек малшылар жағы тапшы, – деді ол.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив