
Өскеменде май экстракциялық зауыты іске қосылды
ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында өңір экономикасы үшін маңызды өнеркәсіптік нысан — “ALTAI MAI” жаңа май экстракциялық зауыты салтанатты түрде ашылды. Мерекеге орай іске қосылған өндіріс кешені елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, экспорттық әлеуетін арттыруға және аймақтың өндірістік картасына жаңа серпін беруге бағытталған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Жаңа кәсіпорын – өсімдік майларын қабылдау, кептіру, экстракциялау, тазарту, сақтау және буып-түюге арналған толық циклді жоғары технологиялық кешен. Зауыттың өндірістік аумағында заман талабына сай жабдықтар орнатылып, жұмыс барысы толық автоматтандырылды.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа өндірістің өңір үшін маңызын атап өтті.
– Құрметті жерлестер, бүгін біз еліміздің өңдеу саласындағы үлкен іс-шараның басында тұрмыз. “ALTAI MAI” – көптен күткен, өңір экономикасына тың серпін беретін зауыт. Инвесторлар бұл жобаға 23,5 млрд теңге инвестиция құйды. Зауыттың ерекшелігі – шемішке майын толық циклмен өңделеді. Қазір мұнда 280 адам еңбек етсе, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 350 жұмыс орнына дейін ұлғаяды. Бұл – өңірдегі жоғары жалақы ұсынатын кәсіборындардың бірі, - деді аймақ басшысы.
Кәсіпорын күнбағыс пен рапс тәрізді жергілікті майлы дақылдарды терең өңдеп, тазартылған және тазартылмаған өсімдік майын, шрот пен пеллеттерді өндіріп шығарады. Өнім сапасы халықаралық талаптарға сай болуы үшін шикізат әр партиясы бірнеше сатылы талдаудан өтеді.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыхановтың сөзінше, іске қосылған зауыт - өңірге үшін үлкен инвестиция.
– Зауыт арқылы көптеген маман тұрақты жұмыспен қамтылады. Өнімге еліміздің түрлі аймақтарынан ұсыныстар түсуде. Бұл - тек бастамасы деп ойлаймын, - деді депутат.
Жоба бастамашысы, “Алтай Май” ЖШС негізін қалаушы Думан Зекеновтің айтуынша, бүгінгі күннің маңызы ерекше.
– “ALTAI MAI” – Өскеменде толық циклмен жұмыс істейтін заманауи май экстракциялық кешен. Бұл - біздің көпжылдық еңбегіміздің нәтижесі, - деді ол.
Зауыт тәулігіне 500 тоннаға дейін күнбағыс тұқымын өңдей алады. Бұл көрсеткіш кәсіпорынды өңірдегі ғана емес, елдегі ірі май өндірушілердің қатарына қоса түседі. Бас технолог Дәулен Бейсембаев өндірістің нақты мүмкіндіктері туралы айтты.
– Тәулігіне 178 тонна сығылған май алуға қауқарымыз бар. Айына 15 мың тонна, жылына 163 мың тоннаға жуық күнбағыс тұқымын өңдейміз. Қазір кәсіпорында 250 адам жұмыс істейді. Себебі бізде қажетті мамандықтар сирек кездеседі, сондықтан әр жаңа қызметкер міндетті түрде үш айлық тәжірибеден өтеді. Ал өнім Қытай, Иран, Тәжікстан және Азия елдеріне экспортталып жатыр. Болашақта Еуропа мен Араб елдеріне шығару жоспарда. Тіпті қазірдің өзінде Қытай компаниялары ынтымақтастық жөнінде ұсыныстарын білдіруде, - деді технолог.
Зауыт экологиялық қауіпсіздік талаптары бойынша да жаңа деңгейге көтерілген: ауаға шығатын қалдықтар арнайы сүзгілерден өтеді, қалдықсыз технология элементтері енгізілген, ал өндіріс қалдықтары мал азығына пайдаланылатын өнімге айналады. Жергілікті шикізатқа негізделген “Made in Kazakhstan” белгісі бар өнім шығару – кәсіпорынның басты қағидаты.
Жаңа зауыттың іске қосылуы аймақтың экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, өңдеу өнеркәсібінің жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер