Бастаушы ауылындағы білім ордасында жаңа акт залының құрылысы қарқын алып келеді. Жоба толықтай демеуші қаржысына жүзеге асуда, бірнеше айдан кейін кең жарық әрі жайлы зал оқушылар мен ұстаздардың игілігіне беріледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгінде нысанның қабырғалары мен шатыры толық тұрғызылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы аумағы 272 шаршы метр болатын зал 80 орынға лайықталып жобаланған. Сондай-ақ заманауи санитарлық тораппен жабдықталып, мектептің мәдени және қоғамдық өміріне жаңа серпін бермек.
Құрылыстың барлық шығынын Самар ауданында дүниеге келген белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев көтерді. Аудан әкімі Серік Жеңісов бұл игі істің маңызын ерекше атап өтті.
– Бұл – ауыл балалары мен жастарының болашағына жасалған инвестиция. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде бизнес қауымдастығының туған ауылдарды қолдау және өңірлерді дамыту ісіне қатысуының маңызын бірнеше рет атап өткен. Демеушілік қолдау арқылы салынып жатқан жаңа акт залы — билік, бизнес және жергілікті қауымдастық арасындағы табысты әріптестіктің айқын үлгісі, – деді ол.
Жаңа зал мектептің шығармашылық тынысын кеңейтіп, түрлі мәдени шараларды, кездесулерді, жобаларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Айдын Рахымбаевтың білім саласына қосып жүрген үлесі мұнымен шектелмейді. Күлынжон ауылындағы заманауи Ybyrai Mektebi мектебі бүгінгі таңда табысты жұмыс істеп, озық шетелдік әдістемелер негізінде сапалы білім беріп келеді.
Пікірлер