A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 19:00 0

Өскеменде Алтай ауданының мәдени күндері өтті

Бүгін / Өскемен / Алтай / Руханият

Бұл іс-шара ауданның мәдени әлеуетін көрсетуге, жергілікті таланттарды қолдауға және ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып, кеш бойы мәдени бағдарлама үздіксіз жалғасты, , деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кештің алғашқы бөлімі көрме ұйымдастырумен басталды. Көрме алаңына кірген бойда келушілер ең алдымен Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған айрықша экспозицияға тап болды. Онда ұлы ақынның шығармашылығын насихаттайтын иллюстрациялар, тарихи мағлұматтар, әдеби мұрасына қатысты деректер және Абай бейнесін әр қырынан ашуға бағытталған шығармашылық жұмыстар қойылды.

Көрменің бір ерекшелігі — жас буын өкілдерінің белсенді қатысуы. Балалар мен жасөспірімдердің өз қолымен салған суреттері, түрлі бұйымдар мен иллюстрациялар көрме мазмұнын толықтырып, оған ерекше қолтаңба қосты. Арнайы дайындалған бұрыштарда Абайдың өлеңдері мен қарасөздері оқылды, ақынға арналған әдеби композициялар ұсынылды.

Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбев бұл көрменің жалпы жоба аясындағы рөлін атап өтті. 

- Бүгін Абай мұрасын дәріптеуге ерекше көңіл бөлдік. Бүгінгі концертке өнерпаздар мен шығармашылық топтар жыл бойы дайындалды, ал көрме — атқарылған жұмыстардың қорытындысы, - деді аудан басшысы. 

Көрме барысында ұлттық қолөнер де кеңінен таныстырылды. Ұлттық нақыштағы бұйымдармен айналысатын зергер Аслан Қыдырханов өзінің туындыларын келушілерге таныстырды. Оның айтуынша, ол көбіне таза күмістен білезік, алқа, жүзік сияқты дәстүрлі бұйымдар жасайды.

-Бұйымдардың орташа бағасы 35 мыңнан 80 мың теңгеге дейін. Қажетті материалдарды өз қаражатымнан аламын. Бұл — атам мен әкемнен келе жатқан өнер. Сондықтан оны жалғастыру мен үшін маңызды, - деді зергер.

Бұйымдар көпшілікті қызықтырып, ұлттық зергерлік өнерге деген сұраныстың бар екенін көрсетті. Көптеген келушілер үшін бұл қолөнер бұйымдарының жасалу жолымен жақын танысуға мүмкіндік болды.

Іс-шара аясында ұлттық дәстүрді таныстыру мақсатында қазақ тілі оқытушысы Ризагүл Бегалин арнайы ою-өрнектің жасалу жолдары, түстердің үйлесімі, шашақ тоқу тәсілдері бойынша көрсетілім жасады.

- Біздің міндет — қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрін түсіндіру, оны келушілерге қолынан келгенше үйрету. Кім қызықса, бәрін егжей-тегжейлі көрсетеміз, - деді ол.

Кешке келгендер қарасы мол. Қала тұрғыны, зейнеткер Алдияр Әубәкіровтің сөзінше,  мәдени кештердің маңызы зор. 

- Жоба елді мекендер тұрғындары үшін өте пайдалы. Әр аудан өз жетістігін көрсетуге тырысады. Абайға арналған көрме — рухани тәрбиеге бағытталған жақсы жұмыстың бірі. Балалардың суреттері көрменің мазмұнын байытып тұр, - деді зейнеткер.

Кештің негізгі әрі соңғы бөлігі — ауданның шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттік бағдарлама. Бір жыл көлемінде дайындалған өнер көрсету тұрғындарға музыкалық композициялар, билер, инструменталды шығармалар түрінде ұсынылды. Концерт барысында ауданның өнер мектебі, үйірме ұжымдары және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.

Осылайша, Алтай ауданы өткізген мәдени концерт өңірдің рухани өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Абайдың 180 жылдығына арналған көрме, ұлттық қолөнер шеберлерінің жұмыстары, шеберлік алаңдары мен кең көлемді концерт «Туған жер – алтын бесігім» жобасының мазмұнын ашып, ауданның мәдени әлеуетін айқын көрсетті. Мерекелік күн концерттік кешпен аяқталып, көпшілікке жағымды әсер қалдырды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив