Самар ауылында 24 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталу үстінде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Нысанға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов барып, жүргізіліп жатқан құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасына оң баға беріп, мердігер ұйымға нысанды белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды.
Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталды. Тұрғын үйді пайдалануға беру желтоқсан айының соңына жоспарланып отыр.
Самар ауданының әкімі Серік Жеңісовтің айтуынша, тұрғын үйдің алғашқы екі қабатындағы пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған, ал үшінші қабаттағы пәтерлер мемлекеттік қызметшілерге беріледі. Жоба аясында мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында сегіз пәтер облыстық бюджет қаражаты есебінен сатып алынады.
Алғашқы кезеңде тұрғын үй электр энергиясы арқылы жылытылады. Орталық қазандықтың құрылысы аяқталғаннан кейін ғимаратты орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жоспарланып отыр.
Барлық пәтер таза әрлеумен тапсырылмақ. Жоба бойынша тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру жағдайы қарастырылған.
Сонымен қатар биыл Самар ауданында тағы бір көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша ауданда тұрғын үй алу кезегінде 418 азамат тұр. Оның 109-ы жетім бала, 200-і әлеуметтік осал топ өкілі, 58-і көпбалалы отбасы, 6-ының тұрғын үйі апатты деп танылған, 45-і мемлекеттік қызметші мен бюджеттік ұйым қызметкері.
Ауданда тұрғын үй жобаларын іске асыру баспана кезегін кезең-кезеңімен қысқартуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған және облыс басшылығының тұрақты бақылауында.
Пікірлер