A+ A A-

talgatzhan 39 Бүгін, 12:50 0

Миланда өтетін XXV қысқы Олимпиадада 14 шығысқазақстандық спортшы өнер көрсетуі мүмкін

Бүгін / Басты / ШҚО / Спорт

Олардың қатарында әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегерлері мен жеңімпаздары бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Асқар Можановтың айтуынша, биыл спортшылардың дайындығы үшін ел ішінде және шетелде 12 оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылған.
- Биатлон спорты бойынша ұлттық құрама мүшелері Әлем кубогының алты кезеңіне және Халықаралық биатлон одағы (IBU) бақылауындағы алты халықаралық турнирге қатысады. Әлем кубогының кезеңдері Швеция, Австрия, Франция, Германия (екі кезең) және Чехияда өтсе, халықаралық турнирлер Австрия, Италия, Швейцария, Германия, Словения және Норвегияда болады деп жоспарланған. Бұл жарыстарға Шығыс Қазақстаннан Ольга Полторанина, Никита Акимов және Егор Гребенщиков қатысады, - деді ол. 
Шаңғы жарысынан Қазақстан құрамасы Финляндия, Норвегия, Швейцария және Италияда өтетін Әлем кубогының бес кезеңіне қатысады. Бұл сайыстарда облыс намысын Ильяс Исабек қорғайды. 
Трамплиннен секіру спортшылары үшін 12 Әлем кубогы кезеңі, екі континентальдық кубок, екі FIS кубогы кезеңі, Австрия мен Германияда өтетін екі турнир және бір халықаралық континентаралық старт жоспарланған. Жарыстар 20 қарашадан 18 қаңтарға дейін өтеді. Құрама сапында шығысқазақстандық Сергей Ткаченко бар. 
Ал тау шаңғысы спортынан Әлем кубогының тоғыз кезеңіне қатысу көзделген. Оның үшеуі аяқталды, қалған алты кезең 12 желтоқсан-25 қаңтар аралығында Швейцария, Франция, Австрия және Чехияда өтеді. Бұл спорт түрінен Олимпиада лицензиясына үміткер – Захар Кучин.
Асқар Можановтың айтуынша, лицензия алу және жоғары нәтиже көрсету үшін барлық жағдай жасалған. 
- Спортшылар ай сайын қаржылай қамтамасыз етіліп, облыстың жаттығу базаларына кедергісіз қол жеткізуде. Сонымен қатар олар қажетті спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтылған, - деді басқарма басшысы. 
Айта кетейік, XXV қысқы Олимпиада ойындары 6–22 ақпан аралығында өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады. Олимпиада бағдарламасына қысқы спорттың 16 түрі еніп, барлығы 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив