
Міне, 2025 жыл да зымырап өте шықты. Енді бірер күннен соң Жылқы жылы табалдырықтан аттайды. Осы орайда артта қалып бара жатқан Жылан жылына көз жүгіртіп, 12 айдың Шығыс Қазақстан облысы үшін несімен есте қалғанын саралап көрген жөн. Биыл өңірде әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылып, ірі бастамалар қолға алынды. Ендеше, Жылан жылы Шығыс жұртшылығы үшін қандай өзгерістер мен жаңалықтарға толы болды? Өткен жылды қорытындылап, маңызды сәттерге тағы бір мәрте тоқталып өтейік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақтың жаңа әкімі
17 ақпанда Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып Нұрымбет Сақтағанов тағайындалды.
Нұрымбет Аманұлы 1970 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетін, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін аяқтаған. Еңбек жолын 1992 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы №172 орта мектепте оқытушы ретінде бастады. Әр жылдары Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстары әкімінің орынбасары, Ұлан, Жарма аудандары мен Семей қаласының әкімі болып жұмыс істеді.
Бұған дейін облысты басқарған Ермек Көшербаев қазір ҚР Сыртқы істер министрі лауазымыда еңбек етіп жүр.
Халықаралық фестиваль
Маусым айында Катонқарағайда «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестивалі өтті. Іс-шарада 11 елден шақырылған өнерпаздар мен отандық әртістер сахна төрінен көрініп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Олар өз ұлтының әуезді әні мен бай мұрасын паш етіп, түркі халықтарының ортақ мәдени тамырынан сыр шертті. Түркі әлемінің бай мәдениеті мен тарихын көрсету мақсатында сахналық көріністер қойылды.
Бұдан бөлек, Д.Әшімханұлының шығармашылығына арналған ғылыми конференция, «Төр Алтай Қалиханын және Дидахметін жырлайды» республикалық поэзия фестивалі, ақындар айтысы, музыкалық фестиваль өтті.
Осылайша, өнерпаздар мен қонақтар кенді Алтайдың төрінде бас қосып, бауырлас халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтып, мәдени мұраны ұлықтауға атсалысты.
Спортшылар жиналды
Риддерде «Ата Мұра» ұлттық ойындары республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Шығыс Қазақстаннан бөлек, Ұлытау, Батыс Қазақстан облыстарының, Астана, Алматы қаларының спортшылары мен қонақтар қызықты шараның куәсі атанды.
Жарыс бағдарламасына арқан тартыс, шырға тарту, қазақша күрес, топ бәйге, қыз қуу, аударыспақ кірді. Бұдан бөлек, концерттік бағдарлама мен би кеші ұйымдастырылды.
Қала әкімі Думан Рахметқалиевтің сөзінше, ауқымды іс-шара – кеншілер қаласы жұрты үшін атаулы күн, тарихи сәт. Осы арқылы келер буын мен жастар тарапы ұлттық құндылықты бойына сіңіре түседі, дәстүрмен жақынырақ танысады. Көпшілік ерекше қызыққан арқан тартыс бәсекесінде ұлытаулықтардың мерейі үстем болды.
Балалар тегін жүреді
Сәуірде облыс орталығындағы қоғамдық көліктерде ONAY! жүйесі іске қосылды. Қазір Өскемендегі барлық автобус пен трамвай ONAY! жүйесінің заманауи құрылғыларымен жабдықталған. Ал 1 қыркүйектен бастап қала әкімі Алмат Ақышовтың бастамасмыен 18 жасқа дейінгі 46 мың бала мен жасөспірім қоғамдық көлікте тегін жүреді. Тасымалдаушылардың шығындары бюджет есебінен өтеледі.
730 млрд теңге инвестиция тартылды
Қыркүйекте Өскеменде «Altay Invest – 2025» инвестициялық форумы халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Әлемнің бес елінен келген 106 қатысушыны біріктірген ауқымды жиын аймақтың экономикалық әлеуетін паш етіп, болашақ даму жолдарын айқындайтын маңызды алаңға айналды. Форум аясында энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инфрақұрылым, туризм және әлеуметтік сала бойынша 730 млрд теңгеге 40-тан астам меморандум мен инвестициялық келісімге қол қойылды.
«Қалбатау-Майқапшағай» тасжолы ашылды
Биыл облыста халықаралық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» тасжолының «Қалбатау-Майқапшағай» учаскесі салтанатты түрде ашылды. Жаңа жол халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің маңызды бөлігі және сыртқы сауданы, транзиттік әлеуетті, өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашты.
Қайта жаңарту жұмыстары нәтижесінде жолдың өткізу мүмкіндігі артып, сапасы жақсарып, жол қозғалысы қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, кәсіпкерлікті және туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасалды.
«Шығыс Салбурыны – 2025»
Биыл Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылы іргесіндегі «Бүркіт төбе» алаңында «Шығыс Салбурыны – 2025» халықаралық фестивалі бесінші мәрте өтті. Ата дәстүр мен ұлттық құндылықты ұлықтаған сайысқа республиканың 11 өңірінен және әлемнің 6 мемлекетінен 100-ден астам қатысушы келді. Бүркіт төбе басында 40 киіз үй тігіліп, ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сөз маржанын терген ақындар көрермен қошеметіне бөленді. Фестивальға эстрада жұлдыздары да шақырылды. Қыран құстың қырағылығындай сергек сананы, текті өнерді, бірлік пен бауырмалдықты дәріптеген бұл басқосу тек спорттық сайыс қана емес, елдік пен ерліктің, өнер мен өнегенің ордасы екенін тағы бір дәлелдеді.
Ірі сауда орталығы ашылды
Жыл соңына қарай Өскеменде «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығы іске қосылды. Жаңа нысан Сәтбаев даңғылында орналасқан. Оның ауданы 140 мың шаршы метрді құрайды. Өңірдегі ең ірі кешендердің бірі күніне 25 мыңға жуық келушіні қабылдай алады. Сауда орталығында түрлі тауар сататын бөлімдерден бөлек, бес мейрамхана, алты залы бар кинотеатр ашу жоспарлануда.
Тұрғындар түтінге тұншықты
Қазан айында облыс орталығында бірнеше күн бойы ауа ластанып, қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты екінші дәрежелі ескерту жарияланды. Тұрғындар қаланың түтінге оранып, далада жүрудің мүмкін еместігін айтып, дабыл қақты. Әлеуметтік желілерде азаматтар ауа сапасына қатысты өз алаңдаушылығын білдіріп, жағдайдың себеп-салдарын түсіндіруді талап етті.
ШҚО Экология департаменті өкілдері күкірт диоксиді мен күкіртсутегі мөлшерінің шекті дәрежеден асқанын растады. Қала әкімі Алмат Ақышов қордаланған мәселені шешудің бірнеше бағытын атап өтті. Оның ішінде, зауыттардың жұмысын қадағалау, халықты қоғамдық көлікке көшіру бар.
Экология мәселесі мектеп оқушыларының ата-аналарын да алаңдатты. Қала әкімдігі мен облыстық білім басқармасы 24 қазан күнгі сабақты онлайн форматқа ауыстыру туралы шешімге келді.
Шығыстың намысын қорғады
Қараша айында Алматыда «Қазақ аруы – 2025» ұлттық сұлулық байқауының финалы өтті. Сұлулар сайысында шығысқазақстандық бойжеткен Диана Қырымқызы 13 160 дауыс жинап, екінші орынға ие болды. Өскемендік аруға жанкүйерлер тікелей эфир кезінде дауыс беріп, барынша қолдау көрсетті. Ал талдықорғандық Дәрия Қуатжан алға шығып, «Қазақ аруы – 2025» байқауының жеңімпазы атанды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА


Пікірлер