ШҚО Полиция департаменті бірнеше қарулы шабуыл жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған екі аса қауіпті қылмыскердің 1999 жылғы желтоқсанда Зайсан қаласында жасалған қатігез адам өлтіру мен қарақшылық фактісіне қатыстылығын анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оқиға болғаннан кейін полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізді, алайда қылмыскерлер қашып үлгерген болатын.
- Арада жылдар өткеннен кейін полиция мен тергеу органдарының жүйелі, әрі тиянақты жұмысының, облыстық прокуратураның қолдауының арқасында қылмыстық оқиғаның барысы айқындалып, күдікті тұлғалар анықталды. Тергеу жұмыстары көрсеткендей, екі ер адам ірі олжа табу мақсатында жергілікті тұрғынның үйіне баса-көктеп кірген. Үйден бағалы зат таппаған қаскөйлердің бірі 26 жастағы ер адамды аса қатігездікпен пышақтап өлтірген. Сол сәтте үйде болған 77 жастағы әйелді қылмыскерлер соққыға жығып, электр сымымен орындыққа байлап кеткен. Олар оқиға орнынан 12 калибрлі қос ұңғылы аңшы мылтығын, «ИЖ-53М» пневматикалық тапаншасын және бейнемагнитофонды ұрлап кеткен, - делінген ресми ақпаратта.
Қазір екі айыпталушы да 2002 жылдың желтоқсанында бірқатар қарақшылық шабуыл мен адам өлтіру фактісі бойынша тағайындалған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеуде.
- ШҚО Полиция департаменті «Адам өлтіру», «Қарақшылық», «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Қаруды заңсыз иемдену» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Қылмыстық іс сотқа жолданды. ШҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен аталған үкім бойынша тағайындалған жазаларды ішінара қосу арқылы екі сотталушының әрқайсысына қылмыстар жиынтығы бойынша мүлкі тәркіленіп, төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза кесілді, - делінген мәліметте.
Пікірлер