
Алтай қаласындағы 2,6 млрд теңгенің жобасы қалай іске асырылып жатыр – депутаттар тексеріп қайтты
Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров пен Ұлықбек Тұмашинов өңірге жұмыс сапары барысында Алтай ауданы активімен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сонымен қатар, халық қалаулылары Алтай қаласының орталық және батыс бөліктерінде жүргізіліп жатқан су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
– Аталған жоба «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Жалпы құны 2,6 млрд теңгені құрайтын жоба бойынша 110,5 шақырым су құбыры тартылып, 9 420 абонентті орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу көзделген. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарының 95 пайызы аяқталды, – делінген ақпаратта.
Алтай ауданы әкімінің орынбасары Заңғар Шаухиннің сөзінше, құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
– Қазіргі уақытта негізгі желілер толық тартылып, құбырларды шаю және дезинфекциялау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Жобаны сапалы әрі уақытында аяқтау – біздің басты міндетіміз. Барлық жұмыс техникалық талаптар мен қолданыстағы нормаларға сәйкес орындалуда. Дегенмен, бұл нысандарды құрылыстың 3-кезеңін аяқтамай пайдалануға беру мүмкін болмайды. Өйткені, ескі су құбырлары 1960 жылдары салынған шойын құбырлардан тұрады, және оны ауыстырмай қаланың жаңартылған су жүйесін іске қосу мүмкін емес. Бұл жұмыстарға шамамен 2,0 млрд.теңге қажет, – деді ол.
Мәжіліс депутаттары құрылыс алаңын аралау барысында атқарылған жұмыстар сапасына, қолданылып жатқан материалдардың стандарттарға сәйкестігіне және жобаның уақтылы аяқталуына ерекше назар аударды. Сондай-ақ мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, туындап отырған мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады.
– Бұл – тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жоба. Мыңдаған отбасы таза ауыз сумен қамтылады. Сондықтан, бүгін көтерілген мәселе бойынша да жұмыс жасаймыз. Ең бастысы – бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуі және жұмыстардың сапалы орындалуы. Осы бағытта партиялық бақылау күшейтіледі, – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысында су құбыры құрылысы мен реконструкциясы бойынша 10 нысан жоспарланған. Бүгінде 8 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды, атап айтқанда: Өскемен қаласында – 2 нысан, Ұлан ауданында – 3 нысан (Отрадное, Асубұлақ және Бозанбай ауылдарында), Шемонаиха ауданында – 2 нысан (Березовка және Большая Речка ауылдарында).
Аталған жобалардың нәтижесінде мыңдаған тұрғын сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтылып, өңірдегі елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарады.
Мәлім болғандай, қазір қалған екі нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Мәжіліс депутаттары мен «AMANAT» партиясы өкілдері бұл жобалардың да уақытылы әрі сапалы аяқталуын тұрақты бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер