Бүгін Үлкен Нарын ауданына қарасты Алтынбел ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өрт сөндіру пунктінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараға ҚР ТЖД министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Министр ауылдық аймақтардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру маңызды екенін атап өтті.
– Бұл Алтынбел ауылы тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Себебі, осы аймақта қауіпсіздік нығаяды. Бұл бекет тікелей тұрғындар қолдауымен, көмегімен салынды. Қазір елімізде бұл тәжірибе жалғасып келеді. 2025 жылы “Ауыл құтқарушылары” деген бағдарламаны жариялағанбыз. Елімізде дәл осындай 150 бекет салынды, – деді Шыңғыс Аринов.
Оның айтуынша, 2026 жылы бұл көрсеткіш 700-ге дейін жетеді. Яғни, биыл тағы да 550 бекет салынбақ.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, жергілікті атқарушы биліктің, халықтың қолдауымен бұл әлі де жалғасын тауып, ел игілігі үшін салынбақ. Біз өз тарапымыздан құралдар, арнайы киімдер бердік. Құтқарушыларға тек сәттілік тілеймін, – деді ол.
Жиын барысында ҚР ТЖД министрлігі бұйрығымен азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін медальмен, Алғыс хатпен бірқатар азамат марапатталды. Сонымен қатар, халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін облыс басшысы Нұрымбет Сақтағановтың Алғыс хатымен аудандық өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері марапатталды.
– Ауыл тұрғындарын, өрт сөндіру қызметкерлерін өрт сөндіру бекетінің ашылуымен құттықтаймын! 2025-шы жылы облыста 5 бекет ашылса, алдағы уақытта 39-ын ашу жоспарда бар. Бұл ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалған қайырымды іс, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Жиын барысында ауданның ТЖД бөлімі бастығына техника кілті табысталды.
– Бүгін ашылып жатқан өрт сөндіру бекеті ауылымыз үшін өте маңызды. Бұл нысан менің ғана емес, тұрғындардың да көмегімен салынды. Ауылымыз көркейе берсін, – деді Рашид Дубаев есімді тұрғын.
Нысан заманауи техникамен және қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.
Әдемі АМАНГЕЛДІ (Фотосурет автордікі)
Пікірлер