A+ A A-

talgatzhan 12 Кеше, 20:30 0

Айнабұлақ пен Жарсудағы спорт модульдерінің ерекшелігі неде?

Бүгін / Спорт / Зайсан

Бүгін Зайсан ауданына қарасты Жарсу ауылындағы спорт модулінің ашылуынан соң, дәл сондай қуанышты жаңалық Айнабұлақта да жалғасты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Спортпен шұғылданушыларға шектеу жоқ
Шекара шебіндегі елдімекендерде қолданысқа берілген әлеуметтік нысандар бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп, ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасайды. Ауыл тұрғындары үшін ерекше қуанышқа айналған салтанатты шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров қатысты.
Жарсу ауылында бүгінде 155 түтін бар. Алақандай ғана ауылда бой көтерген жаңа спорт нысаны елдімекеннің көркін ашып қана қоймай, жергілікті жұрттың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Енді мұнда тек мектеп оқушылары ғана емес, ауылдастар тегіс бұқаралық спортпен айналыса алады. Аймақ басшысы бұл спорт кешенінен болашақта талай дарынды спортшы шығатынына сенім білдірді.
– Қазақта «Басты байлық – денсаулық» деген сөз бар. Ал спорт – денсаулықтың кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың салауатты өмір салтын ұстануына әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгін ашылып отырған бұл спорт нысаны ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтып, жастардың жан-жақты дамуына жол ашады. Осы залдан алдағы уақытта ой-өрісі жоғары, білімді әрі білікті жастар өсіп шығады деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Заманауи спорт модулі екі блоктан тұрады. Спорт залында волейбол, баскетбол, футбол сияқты командалық ойындармен қатар, күрес және жекпе-жек түрлерімен шұғылдануға толық жағдай жасалған. Барлық қажетті спорттық құрал-жабдықпен қамтылған.
Ал әкімшілік-тұрмыстық блокта ерлер мен әйелдерге арналған киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары және санитарлық тораптар қарастырылған. Спорт нысанының жалпы аумағы – 853,1 шаршы метр. Оның 556,9 шаршы метрі спорт залына, 296,2 шаршы метрі қызметтік бөлмелерге тиесілі. Мұнда тәулігіне 84 адамға дейін жаттығу жасауға мүмкіндік бар.

Ауылдардағы ахуал
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бұл жоба Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқанын атап өтті.
– Шалғай ауылдарда осындай спорт нысандарының салынуы – өңірлерді дамытуға бағытталған нақты жұмыстар нәтижесі. Аймақтар дамыса, ел де дамиды. Сондықтан шекаралық аудандарды нығайтуға, инфрақұрылымды жақсартуға баса мән беруіміз керек, – деді депутат.
Айта кетейік, дәл осындай заманауи спорт модулі Айнабұлақ ауылында да пайдалануға берілді. Мұндағы спорттық нысаны да салтанатты түрде ашылып, балалардың шынайы қуанышына куә болдық.
Жарсу ауылында 700-ден астам тұрғын бар, оның 130-дан астамы мектеп оқушысы. Ауыл халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады, бірқатары аудан орталығына қатынап жұмыс істейді. Сонымен қатар тұрғындардың бір бөлігі мектепте, балабақшада және ауылдық медициналық пунктте еңбек етеді.
Спорт нысандарының ашылуы ауыл тұрғындарының әлеуметтік және мәдени өмірін жаңа деңгейге көтеріп, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың аудандық мәслихат депутаттарымен кездесуі өтті. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, елдімекендердегі өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив