A+ A A-

talgatzhan 42 Бүгін, 14:00 0

50 орындық мектеп Сарыөлеңге серпін, ауылға сенім сыйлады

Бүгін / Басты / Тарбағатай

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Тарбағатай ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар ауылдық білім беру ұйымының тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сапар барысында аймақ басшысы ауыл мектептеріндегі оқу жағдайына, материалдық-техникалық базаға және білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарға баса назар аударды. Ауданға қарасты Сарыөлең ауылында аймақ әкімі өткен жылы пайдалануға берілген Бауыржан Момышұлы атындағы негізгі орта мектепке арнайы барды. 50 орынға лайықталған білім ордасы «мектеп–балабақша» кешені форматында салынған. Қазір мұнда 30 бала білім алып, мектепке дейінгі тәрбиемен де қамтылуда.

Жергілікті басшылық ақпаратынша, жаңа ғимараттың ішкі жабдықталуы заман талабына толық сай. Кең әрі жарық сыныптар, заманауи оқу құралдары, қауіпсіздік талаптарына сәйкес инфрақұрылым ауыл балаларының сапалы білім алуына мүмкіндік беріп отыр.

– Жаңа мектебіміз өте жайлы. Мұғалімдер мен оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Оқу кабинеттері толық жабдықталған, балалардың еркін дамуына мүмкіндік бар. Көктем мен жаз айларында ауылымызға бірнеше отбасы көшіп келуге ниет білдіріп отыр. Бұл – жаңа мектептің ауыл өміріне серпін бергенінің нақты дәлелі, – деді Б.Момышұлы атындағы мектеп директорының міндетін атқарушы Нұргүл Тоқтабекқызы.

Айта кетейік, Сарыөлең ауылында соңғы жылдары әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, өткен жылы бір қабатты тұрғын үйлер салынып, көпбалалы отбасылар баспанамен қамтылды. Ауыл көшелері жарықтандырылып, тұрғындар орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Ал 2025 жылдың желтоқсан айында жаңа мектеп пайдалануға беріліп, ауыл халқының игілігіне айналды.

Сапар барысында облыс әкімі ауыл мектептерін қолдау және білім беру жүйесін дамыту мемлекет тарапынан тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы әр баланың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы әрі қолжетімді білім алуы тиіс екенін үнемі айтып келеді. Біздің басты міндетіміз – ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты жойып, барлық балаға тең мүмкіндік жасау. Жылы, қауіпсіз әрі заманауи мектептер – болашақ кепілі, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Аймақ басшысы алдағы уақытта да ауылдық елдімекендердегі білім беру ұйымдарын дамыту, мұғалімдер жағдайын жақсарту және жастарды ауылда тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив