Қалалық сот дүкенде сатушы болып жұмыс істеген жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сот мәліметінше, ол 2023 жылдың 1–28 қыркүйегі аралығында 1 270 341 теңге ұрлаған.
- Ол үшін кассир «1С» бағдарламасында кассалық чектерді өшіріп, іс жүзінде сатып алушыларға сатылып кеткен тауарларға жалған қайтарымдар рәсімдеген. Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Алайда оның қылмысқа қатысы бейнебақылау камераларындағы жазбалармен, сот-экономикалық және бухгалтерлік сараптамалардың қорытындыларымен, куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді. Прокурор амнистия туралы заңды ескере отырып жаза тағайындауды сұраса, жәбірленуші тараптың өкілі келтірілген шығынды толық өтеуді талап етті, - делінген ресми ақпаратта.
Сот әйелдің екі кәмелетке толмаған баласы бар екенін және оларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырғанын ескерді. Нәтижесінде оған материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым сала отырып, 1,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған амнистияға байланысты айыпталушы негізгі жазадан босатылды. Бірақ 1 270 341 теңге көлеміндегі материалдық шығын өндіріледі.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
Пікірлер