A+ A A-

talgatzhan 40 Кеше, 11:05 0

«Дәрігер тапшы»: ШҚО әкімі іссапар кезінде Секисовка ауылындағы дәрігерлік амбулатория жағдайымен танысты

Бүгін / ШҚО / Глубокое

Өңір басшысы медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасымен, қызмет көрсету сапасымен және кадрлық жағдайымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Өзін Сергей деп таныстырған Быструха ауылы тұрғынының айтуынша, ауылдағы дәрігерлердің еңбек демалысына шығуына байланысты тұрғындар көрші елдімекендегі медициналық мекемеге қаралып жүр.
– Қазір біздің ауылдағы дәрігерлер еңбек демалысында болғандықтан, Секисовка ауылына баруға тура келеді. Бұл амбулаторияның дәрігерлері өз жұмысын жақсы атқарып отыр. Дегенмен, өз ауылымызда дәрігерлердің уақытша болмауы қолайсыздық туғызады. Егер бір дәрігер демалысқа шықса, оның орнына басқа маман қабылдау жүргізсе, тұрғындар үшін тиімді болар еді. Ал қыста екі арада жол жүру қиын, — деді ол.
Айта кетейік, Секисовка ауылындағы дәрігерлік амбулатория 2024 жылы пайдалануға берілген. Ғимарат кең әрі заманауи талаптарға сай салынған, барлық медициналық құрал-жабдық жаңадан алынды. Алайда дәрігер тапшылығы мәселесі әлі де сақталуда.
Секисовка ауылының тұрғыны, зейнеткер Екатерина Петровна амбулатория жұмысына қатысты өз пікірін білдірді.
– Амбулатория жаңа, іші кең, барлық құрылғы жаңадан орнатылған. Дегенмен, дәрігер жетіспеушілігі сезіледі. Жақында бір медбике жұмысқа келді, бұл біз үшін қуанышты жаңалық болды. Өйткені бұл үлкен көмек, — деді ол.
Ал Глубокое аудандық ауруханасының бас дәрігері Мирхат Увазыровтың мәліметінше, аудан бойынша соңғы жылдары 6 медициналық мекеме салынған. Оның ішінде 4 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік пункт және 1 медициналық пункт бар.
– Секисовка ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның салынуын тұрғындар ұзақ күтті. Бүгінде ауыл халқы бұл мекеменің жұмысына риза. Амбулаторияда 23 кабинет жұмыс істейді. Оның ішінде күндізгі стационар, физиотерапия, педиатр, терапевт, гинеколог және басқа да мамандарға арналған бөлімдер бар. Қазір мекеме 1579 тұрғынға қызмет көрсетіп отыр. Дегенмен кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті, — деді бас дәрігер.

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив