2025 жылы 28 мыңға жуық интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Ішкі істер министрінің бірінші Бауыржан Әленовтің жауабында айтылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
- 2025 жылы 27 892 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді. Олардың жалпы қылмыстар санындағы үлесі 29%-ды (96 354-тен), ал барлық алаяқтықтардың ішіндегі үлесі 61%-ды (45 806-дан) құрайды. Аталған қылмыс түріне қарсы іс-қимыл жасау мақсатында бірқатар ұйымдастырушылық-практикалық шара қабылданып, тиісті ведомстволық және ведомствоаралық нормативтік құқықтық актілер іске асырылып жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылы осындай 6 016 қылмыс ашылды (аяқталды), оның ішінде 4 357-і – ауыр санаттағы қылмыстар. Ашылу деңгейі 21%-ды құрап, ашылған қылмыстық істер саны 36%-ға артты. Қылмыстық жауапкершілікке 1 750 адам тартылды, - деді министрдің бірінші орынбасары.
Оның атап өтуінше, жүргізілген талдау интернет-алаяқтықтардың негізінен мынадай тәсілдермен жасалатын көрсеткен:
– банк, полиция, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің атынан – 8 554;
– хабарландырулар арқылы тауарлар мен қызметтер үшін алдын ала төлем алу – 8 357;
– инвестициялау сылтауымен – 3 110.
- 27 892 интернет-алаяқтықтың 49 фактісі бойынша (0,175%) жәбірленушілер өздерінің тұрғын үй-жайларын үшінші тұлғаларға заңды түрде сатқаннан кейін алаяқтарға ақша қаражатын берген. Бұл ретте мүлікті иеліктен айыруға қатысты олардың құқықтары бұзылмаған. Аталған фактілер бойынша 2 іс сотқа жолданды, қалған істер бойынша тергеу жалғасуда. 60 жастан асқан жәбірленушілердің үлесі 87%-ды құрайды. Ал жекелеген қылмыстық істер бойынша келтірілген залал мөлшері 60 млн теңгеге дейін жетеді. Бұл санаттағы істер бойынша негізгі проблема – азаматтардың құқық қорғау органдарына кеш жүгінуі (5 күннен 30 күнге дейін), соның салдарынан қылмыстың іздері жойылып, ұрланған ақша қаражаты шетелге шығарылады, - деді Бауыржан Әленов.
Пікірлер