Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» қорының басшылығына бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда Өскемен, Семей және Көкшетау қалаларында салынуы керек болған жаңа жылу-электр орталықтарының құрылысы тым ұзаққа созылып бара жатқанын сынаған болатын.
- Осыған байланысты «Самұрық-Қазына» қорына қаңтар айының соңына дейін Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу жобаларын іске асыру бойынша келісімшарттарды бекітуді тапсырамын. Құрылыс жұмыстарына алдымыздағы сәуір айында кірісу керек, - деді ол.
Бұдан бөлек, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын іске асыруға кірісіп жатқанын айтты.
- Жалпы қуаты 960 МВт болатын Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы үш жылу электр орталықтарының жобалары жоспарланған мерзімде аяқталады және олардың іске асырылуы министрліктің толық бақылауында болады. Әр жоба көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобада егжей-тегжейлі сипатталып, тіркеледі, - деді Ақкенженов.
Пікірлер