Желтоқсан жүлгесімен өтіп, жұрт қыстың екінші айында алаңсыз күнелтіп жатқан. Тіпті, арасында күндізгі температура -1-3°С-қа жетіп, кейбірі бас киімдерін шешті. Бірақ қаңтардың 15-19 аралығындағы ызғар өңір жұртын тегіс жинақылыққа шақырды. Ол аз десеңіз, Алтай мен Марқакөл аудандарында термометр бағамы -50°С-тан төмендеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сұмдық иә? Бірақ Шығыс жұрты үшін ауа райының бұлай құбылуы әсте жаңалық емес. Дегенмен көп адам -35-40°С мөлшеріне әбден ет үйреткен. Асырау сілтеу біраз қыспаққа алып үлгерді. Ең алдымен таң сәріде телефонға тықылдап жеткен ескерту хабарламалары назар аудартты. Демек, оқушылар қашықтан оқуға көшіріледі. Білім басқармасы басшылығы ақпаратты таңертең сағат 06:45 шамасында таратып отырды. Балалар қашықтан оқиды деп әуелі өскемендік оқушылар қамтылды. Жәрмеңкелер мен жарыстар тоқтатылып, құтқарушылар қажеттілік болмаса, жолға шықпаңыздар деп ескертті. Бірақ шаһардағы Жекпе-жек сарайында волейболдан әйелдер клубтары арасында ел чемпионатының кіші туры жалғасып жатты. Қаңтардың 13-15 аралығында өткен ала доп аламанын біршама жанкүйер тамашалады. Осы аралықта Алтай ауданына қарасты Парыгино ауылында ауа температурасы -53°С -қа жетті деген ақпар тарады. Қаңтардың 16-сы күні аталған елдімекенде температура -48°С-ты көрсетті. Бұған қатысты округ әкімі Ғани Түлеков бейнежазбада пікір білдіріп, ауыл жұрты әр жылы шыңылтыр аязға ертерек әрі толыққанды дайындық жүргізетіндерін атап өтті. Яғни, әр шаңырақта отын-көмір жеткілікті деді.
-48°С адамдарды әжептәуір мазалайтынын ескерсек, марқакөлдіктер желіде «ол көрім екен, бізде -53°С-ты көрсетіп тұр» десті. Меңзеп отырғандары Шанағатты ауылы. Барлық дерлік ауылда сабақ онлайн форматқа ауысты. Малын қамдап, жем-шөбін мөлшерлеп жүрген ауыл жұрты далада көп жүрмеуге тырысса, Өскеменде -40°С-та суға түсіп, балмұздақ жеген тұрғын шықты. Есім-сойы белгісіз «батыр» желіде тез-ақ танылды. Әлбетте, ерлік емес. Бірақ өзінің өмір сүру дағдысы солай болып, оны әдетке айналдырса, қызызғушылығына ешкім тұсау салмас.
Қаңтардың 19-ы күні аяз өңменнен өтеді деп айтылып, Өскеменде 0-11 сынып оқушылар қашықтан оқиды деп күн бұрын айтылды.
Ал қаңтардың 20-сы күні аяз беті қайтып, мектептерде сабақтар қайта жанданды. Жұрт жүрісінде бейқамдық танытып, басқан қадамдарынан сенім байқалды. Осы ретте Білім басқармасы өкілдері оқушылар мен студенттер қандай ауа райында қашықтан оқитындары жөнінде мәліметпен бөлісті.
Атап айтқанда, жел жылдамдығы 2 м/с-тан аспаған жағдайда:
1-4 сынып оқушылары үшін: ауа температурасы -28 °C және одан төмен болғанда;
5–9 сыныптар үшін: -32 °C және одан төмен;
10-11 сыныптар мен колледждердің I-II курс студенттері үшін: –34 °C және одан төмен болғанда.
Ал жел жылдамдығы 2 м/с-тан жоғары болған кезде:
1-4 сыныптар үшін: -23 °C және одан төмен;
5-9 сыныптар үшін: -27 °C және одан төмен;
10-11 сыныптар мен колледждердің I-II курс студенттері үшін: -29 °C және одан төмен болғанда сабақ онлайнға ауыстырылады.
Пікірлер