
Өскеменде қоғамдық көлік жүргізушілері тапшы
Жыл өткен сайын Өскемендегі қоғамдық көлік мәселесі ушығып барады. Газеттің өткен нөмірінде осы жөнінде көлемді ақпарат ұсынылған болатын. Автобустардың уақтылы жүрмеуі, бағыттардың қысқаруы мен көлікке сыймау қала тұрғындарын әбден әбігерге салды. Бірі бұл жағдайды жүргізушілер тапшылығымен байланыстырса, енді бірі тозығы жеткен автобустарды алға тартады. “Берместің сылтауы көп” демекші, сылтау көбейген сайын, мәселе шешімін таппай келеді. Бүгінде қалада жолаушылар тасымалын тұрақты бағыттарда 231 автобус пен 55 шағын автобус жүзеге асырады. Алайда тұрғындар тарапынан шағым азаймай отыр. Әкімдік өкілдері бұған дейін жүргізушілер аз деп ағынан жарылған еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Белгі бермесең, тоқтамай кетеді»
Қала тұрғындарының айтуынша, соңғы уақытта автобустардың аялдамада дұрыс тоқтамауы жиілеген. Қыстың қақаған аязында, тайғақ жолда бұл жағдай жұртқа үлкен қауіп төндіреді.
– Соңғы уақытта ауа райы суығаннан ба, автобус жұмысы сәл бәсеңдеп қалғандай. Мысалы, жүргізушілер дәл аялдаманың алдына тоқтамайды. Сәл алыс жерден күтіп тұрады. Қайда асығатынын ұқпадым. Белгі бермесең, тоқтамай кете береді. Жер болса тайғақ. Асығамын деп жарақаттанып қалуың да мүмкін. Біз, жастар, шапшаңбыз ғой. Ал үлкен кісілерге тіпті қиын. Оның үстіне кей автобуста тек ортаңғы есікті ашады. Адам ығы-жығы. Кейбірі керек аялдамадан түсіп үлгермей жатады. Жүргізушілердің осындай әрекеттері қынжылтатыны рас, – дейді қала тұрғыны Амина Алтай.
Қарттар да автобустардың толып кетуі мен жүргізушілердің асығыстығына наразылық білдіруде.
– Кейде қала орталығына баруға тура келеді. Автобустар лық толып, жолаушылар сыймай қалады. Бірі жұмысқа, бірі сабаққа асығып, аялдамада ұзақ күтеді. Кей жағдайларда жүргізушілер жолаушыларды мінгізбей, есікті жауып кете береді. Қарбалас сәтте адамдар тайып құлап, жарақат алып жатқан жағдайлар кездеседі. Қазір кейбір жүргізуші бір-бірімен жарысқандай асығып, жол қауіпсіздігі мен жолаушылар жағдайын екінші орынға ысырып қоятындай әсер қалдырады, – дейді зейнеткер Бикән Жұмабай.
Автобустардың уақтылы жүрмеуінің басты себептерінің бірі – жүргізуші тапшылығы. Бұл мәселені қала әкімі Алмат Ақышов та растаған еді.
– Ашығын айту керек, кезінде өзіміз мектепке қатынаған автобустар әлі де жүр. Тұрғындардың айтып жатқан сыны орынды. Автобустар сынып қалып жатады. Қазір D санатты автобус жүргізушілерін табу да қиындап кетті. Бірақ биыл тасымалдаушылармен сөйлесіп жатырмыз. Қалаға 62 жаңа автобус әкелінеді деп жоспарланып отыр. Осылайша, автобус паркін 60%-ға дейін жаңартуға мүмкіндік туады, – деді Алмат Ақышов.
Әкімнің айтуынша, қоғамдық көлік саласына өзге тасымалдаушыларды тарту арқылы нарықтағы бәсекелестікті арттыру көзделген.
Анықталғандай бүгінде қаладағы автобус және шағын автобус жүргізушілерінің жалпы саны шамамен 400 адам. Аталған мәселе бойынша Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сауалхат жолдаған едік. Берілген мәліметке сүйенсек, автобустардың жұмыс және демалыс күндері қозғалысында айырмашылық бар. Демалыс күндері жолаушылар ағынының азаюымен және экономикалық тиімділік себепті кейбір рейс қысқартылады.
– Қалада жүргізуші тапшылығы байқалады. Оның негізгі себептері – D санатты жүргізушілер аздығы, жоғары жауапкершілік пен тығыз жұмыс кестесі. Сондай-ақ кейбір маман жоғары жалақы мен қолайлы еңбек жағдайын ұсынатын өзге өңірлерге кетіп жатыр, – делінген ресми жауапта.
Өскемендегі жүргізушілердің орташа жасы 55-60 жас. Соған орай редакция тілшісі жалақы және жүргізушілерге қандай талаптар қойылатыны туралы да сауал жолдаған болатын.
– Жалақы мәселесіне келсек, жүргізушілердің орташа айлығы 350-500 мың теңге аралығында. Алайда бұл табыс рейс саны мен жұмыс кестесіне байланысты өзгереді, – делінген ресми жауапта.
Автобус емес, жүргізуші керек
Жүргізуші тапшылығын салада ұзақ жыл еңбек еткендер де жоққа шығармайды. 25 жылға жуық автобус жүргізген Қасен Кентбаев зейнетке шықса да, кадр жетіспегендіктен қайта жұмысқа оралған.
– Автобус тізгіндейтіндер саны жетпеген соң шақырды. Үйде бос отырғанша деп келістім. Жастар келгісі келмейді, жұмысты ауырсына ма, білмеймін. Кей жүргізушілер 5-6 күн қатарынан жұмыс істейді. Күні бойы қоғамдық көлікте отырады. Жалақы жаман емес. Бірақ автобус емес, ең алдымен жүргізуші керек. Сонда шағым да азаяр еді, – дейді ол.
Қараша айының соңында қаладағы кейбір ықшамауданда автобустардың дұрыс жүрмеуіне байланысты тұрғындар наразылығы күшейді. Соның нәтижесінде әкімдік «Бақыт жол» ЖШС тасымалдаушысымен жасалған келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдаған. Алайда компания өкілдері бұл мәселе сотта қаралып жатқанын айтады.
– Әріптестік шарты 2022 жылдың сәуірінде өткен тендер нәтижесінде 5 жыл мерзімге жасалған. Қазір келісімшарт бұзылған жоқ, себебі оны біржақты бұзу әрекеттері сотта қаралуда. Тасымалдау кестелері бекітілген графикке сай орындалды, алайда тарифтің уақытында қайта қаралмауына байланысты рейстер толық көлемде шығарылмады. Тасымалдаушының шығындары толық өтелмеді. 2024-2025 жылдары 170 млн теңгеден астам сомаға алынған жаңа көлік құралы мен қазіргі кезеңдегі жалақы тарифке енгізілмеген. Тариф тек 2024 жылдың сәуірінде, 2023 жылдың деректері негізінде қайта қаралды. Соның салдарынан кәсіпорын шығынға ұшырап, көліктерді уақтылы және толық жөндеуге мүмкіндігі болмады. Жүргізуші тапшылығы бүкіл республикаға ортақ мәселе, бұл проблема біздің кәсіпорында да бар, – дейді компания директоры Елена Сергеевна.
Оның айтуынша, қазір кейбір жүргізуші демалысқа жіберілді, ал басқалары өз еріктерімен жұмыстан кеткен. Әкімдік өкілдері Аблакетка ықшамауданындағы көлік мәселесі қазіргі уақытта толық шешілгенін айтты. Ал тасымалдаушы компания бұл шешіммен келіспейді.
Шағым көп, бірақ нақты сан жоқ
Ресми мәліметке сүйенсек, автобустар қозғалысындағы іркілістер көбіне ауа райы, жол кептелісі мен жол-көлік оқиғаларына байланысты. Қазіргі уақытта Новотроицкое ауылы мен 19, 22, 23-шағынаудандарда көлік қатынасы әлі де өзекті мәселе ретінде қалып отыр. Жалпы, қалада автобус қозғалысы онлайн-мониторинг жүйесі арқылы бақыланады. Дегенмен «өткен жылы қанша шағым тіркелді?» деген сұраққа жауапты орган нақты сан ұсынбады.
Соған қарағанда, қоғамдық көлікке қатысты тұрғындар наразылығы әлі де аз емес. Ал мәселенің түбегейлі шешілуі үшін жүргізуші тапшылығы жойылып, тасымалдаушыларға қойылатын талап күшеюі керек. Не дегенмен автобус қоғамдық өмірдің маңызды бөлігі. Алдағы уақытта тиісті шаралар қолданылып, қыста жаураған, жазда сарғая күткен қоғамдық көлік мәселесі өз шешімін табар.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер