Катонқарағай аудандық соты қайтыс болған азаматың үйі мен жер телімі туыстарына емес, бөтенге берілгені үшін өсиетті жарамсыз деп тану туралы азаматтық істі қайта қарады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сот мәліметінше, 2022 жылы қайтыс болған ауыл тұрғыны Катонқарағайдағы тұрғын үйі мен оған тиесілі жер телімінің жалғыз иесі болған. Өмірден өтеріне бірнеше ай қалғанда ол нотариус арқылы өсиет қалдырып, аталған мүлікті көршісіне қалдырған.
Марқұмның әпкесі заң бойынша екінші кезектегі мұрагер ретінде өсиетті жарамсыз деп тануды сұрап, сотқа талап-арызбен жүгінген. Ол өсиет қалдырушының денсаулығының ауыр болғанын, сол себепті өсиетте қате кеткені жайлы айтқан.
Сот талқылауы барысында марқұмға қайтыс болғаннан кейінгі сот-психиатриялық сараптама жүргізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес өсиет рәсімделген уақытта ер адам психикалық аурумен ауырмаған.
Сондай-ақ сот марқұмның өсиетке өз қолымен қол қойылғанын, нотариус арқылы және куәгердің қатысуымен рәсімделгенін анықтады.
Осыған байланысты сот талап-арызды қанағаттандырудан бас тартып, өсиетті заңды деп таныды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Пікірлер