
Бизнеске бет бұрған Әлия Көңілхан Өскеменде іскер әйелдерді қолдап, қаржылық сауаттылыққа үйретуде
Бүгінде облыста өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, қоғам дамуына нақты үлес қосып жүргендер аз емес. Олар ел экономикасының ілгерілеуіне, ұлттық кәсіптің өркендеуіне жан-тәнімен атсалысып келеді. Осындай елге жанашыр, ісіне адал жандардың қатарында «Samga» даму орталығының негізін қалаушы, кәсіпкер әрі ментор Әлия Көңілханды ерекше атап өтуге болады. Кәсіпкерлік жолды тек табыс көзі ретінде емес, қоғамға қызмет етудің бір түрі деп түсінетін іскер жан өз ісі арқылы әлеуметтік мәселелерге назар аударып, нақты шешім ұсынуға ұмтылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ол 2025 жылы «Үздік креативті кәсіпкер» номинациясын жеңіп алып, өңірдегі әйел кәсіпкерлер арасында көшбасшылардың біріне айналды. Бұл жетістік – оның табандылығы мен үздіксіз ізденісінің нәтижесі. Біз Әлия Көңілханмен сұхбаттасып, оның кәсіпке келу жолы, нәзік жандылар қолға алған бизнестің бүгінгі ахуалы мен алдағы жоспарлары туралы әңгімелескен едік.
– Әуелі өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз?
– 1991 жылы Моңғолия елінен Марқакөлге қоныс аудардық. Негізгі білімді Жамбыл атындағы гимназияда алдым, оған дейін Самар ауданында оқыдым. Кәсіп бастағаныма биыл 5 жыл болды.
– Кәсіпкерлікке келуіңізге не түрткі болды?
– Алғашында бұны кәсіп деп қабылдаған жоқпыз. Бұл жеке қажеттіліктен туындады. Қызым 3-4 жасқа келгенде сөйлеуінде тежеулер барын байқадым, кей дыбыстарды дұрыс айта алмады. Сол кезде қазақ тіліндегі дыбыстарды дұрыс үйрететін мамандардың, орталықтардың тапшы екенін аңғардым. Осы қажеттіліктен идея туып, ол біртіндеп кәсіпке айналды.
– Алғашқы жобаңыз қалай басталды? Қандай қиындықтар кездесті?
– Кәсіптегі ең үлкен қиындық – қаржы. Бұл көбіне қаржылық сауаттылықтың төмендігінен туындайды. Өзім де бастапқыда қаржыдан сауатсыз болғандықтан біраз қиындық көрдім. Осыны мектеп қабырғасынан бастап үйрету керек деп ойлаймын. Екінші мәселе – жоспарлай алмау, яғни тайм-менеджменттің жоқтығы. Сонымен қатар өзіне сену, өзіңді тану да өте маңызды.
– Сіз іскер әйелдерді қолдайсыз. Бүгінгі қазақстандық әйел кәсіпкерлердің басты қиындықтары қандай?
– Қоғамда «әйел адам тек ошақ басында отыруы керек» деген стереотип қалыптасқан. Бірақ заман өзгерді. Біз осы көзқарастан арылуымыз қажет. Тағы бір мәселе – әйел кәсіпкерлігін заңнамалық тұрғыда нақты бекітілмеген. Мысалы, көршілес Қырғызстанда әйел кәсіпкерлігі туралы арнайы кодекс бар. Ол қаржыландыруды да жүйелейді. Бұл бизнеске бейім бұрымдыларға деген мемлекеттік қолдаудың бір түрі десек те болады. Әйел кәсіпкерлігі – экономиканың дамуына, жұмыс орындарының ашылуына үлкен үлес қосатын сегмент. Қазір біз оларды қолдау ортасын құрып жатырмыз. Мақсатымыз – білгенімізбен бөлісу арқылы әйелдерге сенім беру. Декреттегі аналардың көбінде идея бар, бірақ әрекет жоқ. Себебі, өзін толыққанды тани алмай жатады және кейде көңілін қорқыныш билеп алады. Біз тұлғалық дамуға аз мән береміз. Ал әйел адамның ішкі күші өте мол. Нәзік көрінсе де, ірі зауыт басқарып отырған әйелдер бар. Бұның бәрі ішкі тіректің мықтылығынан.
– Әйелдердің бизнес пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтауына не көмектеседі?
– Ең алдымен, өзін тану. Одан кейін көмек сұрай білу. Өзін танып, өзіне уақыт бөле алатын әйел бәріне үлгереді. Егер бір нәрсені қалағанымен жүзеге асыра алмаса, ол өз сезімін толық танымаған деген сөз. Күші жетпесе, көмек сұрап, өз мүмкіндігін дұрыс саралау керек. Ең бастысы аз-аздан бастау қажет.
– Аймақтық кәсіпкерлерге не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Бізге кәсіпкерлік орта жетіспейді. Яғни бір-бірін қолдау, тәжірибе алмасу, білгенімен бөлісу мәдениеті әлсіз. Екіншіден – қаржыландыру мәселесі. Басқа өңірлермен салыстырғанда бұл бағытта жүйе ақсап тұр. Сонымен қатар кәсіпкерлікке үйрететін менторлар мен оқу базасы тапшы.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Менің түсінігімде, кәсіп – қоғамға пайда әкелу, қоғамдағы көлеңкелі мәселелерді ашып көрсету. Біз қойылымдар арқылы әлеуметтік тақырыптарды көтеріп жүрміз. Мысалы, «Қара пима» қойылымында ата-ана мен бала арасындағы байланыс, маскүнемдік мәселесі қозғалады. Алдағы уақытта осындай мағыналы қойылымдарды көбейтуді жоспарлап отырмыз.
– Кәсіп бастағысы келіп, бірақ қорқып жүрген әйелдерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең бастысы – бастау. Бірақ асықпай, аз-аздан. Үйрену, тыңдау, әрекет ету. Онлайн немесе оффлайн кәсіпкерлік орталарға қосылып, тәжірибе алмасу керек.
– Өмірлік ұстанымыңызды бір сөйлеммен айтсаңыз?
– Шыққан тегімді де, барар жерімді де ұмытпау. Қазақ болып туған соң қазақы дәстүр мен құндылықты осы қоғамға енгізуіміз керек. Сол болмыспен келіп, сол болмыспен кетуді басты мақсат ету керек. Өмірдегі бар дүние уақытша, ал біреудің жай ғана күлімдеуіне себеп болу үлкен жетістік дер едім.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер