Облыс орталығында қоқыс толған пәтердің өртенуіне қатысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Полицейлер тұрғын үйде болған өрт дерегі бойынша тергеу жұмыстарын бастады.
Өрт 5 ақпан күні Әуезов даңғылы бойындағы № 49Б мекенжайындағы көпқабатты үйде шыққан. Пәтер іші шамадан тыс қоқыспен толып кетуіне байланысты өрт сөндірушілер тілсіз жаумен 8 сағаттан астам уақыт бойы күресті.
ШҚО Полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек бойынша Ертіс полиция бөлімінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 204-бабы 2-бөлігіне (Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
— Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижесінде өрттің нақты шығу себебі және оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, — делінген ақпаратта.
Пікірлер