A+ A A-

talgatzhan 42 Бүгін, 17:30 0

Алты жаңа энергетикалық нысан салынады – біреуі Өскеменде

Бүгін / Өскемен

ҚР Энергетика министрлігі көмірмен жұмыс істейтін энергия өндіруді дамытудың ұлттық жоспары жобасын ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес  ҚР Үкіметі көмірмен жұмыс істейтін электр энергиясын өндіруді дамытудың ұлттық жоспарын әзірлеуде. Аталған жоспардың жобасы дөңгелек үстел отырысында сарапшылар қауымдастығына таныстырылды. 

Министрлік мәліметінше, құны 8 триллион теңгеден асатын тұжырымдама энергия тапшылығын ұзақ мерзімге шешуге және елдегі тозған қуат көздерін жаңғыртуға арналған. 

– Ұлттық жоба бүкіл саланы кешенді және жан-жақты дамытуға бағытталған. Бұл инвестициялар тартуды, отын және логистикалық инфрақұрылымды дамытуды қамтитын теңгерімді тәсіл. Бұл жүйелік тәсіл экономика үшін мультипликативті әсерді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ елдің тұрақты дамуына ықпал етеді, – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Талқыланып жатқан жоспар бойынша алты ірі энергетикалық нысан салынады. Олар: Екібастұз ГРЭС-3, Курчатов, Көкшетау, Семей, Өскемен және Жезқазған қалаларындағы электр станциялары. Сонымен қатар, Екібастұз ГРЭС-2 және Ақсу ГРЭС-і сияқты қолданыстағы станцияларды техникалық жаңарту қарастырылуда.

Жаңа жобаларды іске асыру үшін тендер арқылы инвесторлар іріктеледі. Ал министрлікпен жасалған инвестициялық келісімдер қолданыстағы нысандарды жаңарту үшін пайдаланылады. Бұл іске асыру процесінің ашықтығын және ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша болжамды тарифтерді сақтай отырып, инвестициялардың кепілдендірілген кірістілігін қамтамасыз етуге арналған.

– Жобада озық технологияларды пайдалана отырып, таза көмірмен жұмыс істейтін нысандарға ерекше назар аударылады. Біздің мақсатымыз – ескірген, тозығы жеткен нысандарды жоғары тиімділік пен минималды шығарындылары бар заманауи энергетикалық блоктармен біртіндеп ауыстыру. Біз экологиялық талаптар мен энергетикалық қауіпсіздік арасындағы қатаң тепе-теңдікті сақтауды көздейміз, – деп атап өтті министрлік басшысы.

Жаңа нысандарды сәтті интеграциялау үшін көмір өндіру және теміржол инфрақұрылымын дамыту қажет. Қазір министрлік көмір өндіру көлемін айтарлықтай арттыру және теміржол желілері тығындарын жою қажеттілігін талқылауда. Жобаның әлеуметтік құрамдас бөлігіне қызметкерлерді қорғау шаралары және «Отбасы банкі» АҚ-мен бірлесіп мамандандырылған тұрғын үй бағдарламаларын іске қосу кіреді. Ұсыныстарды барлық тараппен қарастырғаннан кейін Ұлттық жобаны түпкілікті әзірлеуге негіз болады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив