
Самар ауданында су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілді
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, өңір су басу қаупі жоғары аймақтардың қатарына кіреді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
10 ақпандағы дерек бойынша топырақтың қату тереңдігі орта есеппен 45 сантиметрді құрайды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 14 сантиметр болған. Қар жамылғысының биіктігі 42 сантиметр, ал 2025 жылы 75 сантиметрге жеткен. Дегенмен гидрологиялық жағдай тұрақты. Үлкен Бөкен өзеніндегі (Жұмба ауылы) және Қайыңды өзеніндегі (Миролюбовка ауылы) су деңгейі қауіпті межеден төмен.
Аудан аумағында сегіз гидротехникалық нысан бар. Оның бесеуіне «Шығыс су қоймалары» КМК қызмет көрсетеді, үшеуі коммуналдық меншікте. Көпжылдық бақылауларға сәйкес ықтимал су басу қаупі Самар және Миролюбовка ауылдарында сақталады. Самар ауылында 15 үйде 39 адам, Миролюбовка ауылында 5 үйде 19 адам қауіп аймағында тұрады.
Самар ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Әсет Сейілқұмаровтың айтуынша, жағдай тұрақты бақылауда.
- Қазіргі уақытта нақты қауіп жоқ. Инженерлік дайындық жұмыстары толық жүргізілді, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Су деңгейі мен гидротехникалық нысандардың жағдайы күн сайын тексеріледі. Қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге дайынбыз, - деді ол.
Тасқынның алдын алу бағытындағы негізгі шаралардың бірі — «Карповка» су қоймасын жаңғырту. Су ағызу жүйесі жөнделіп, түпкі су шығару құрылғысының өткізу қабілеті арттырылды, бөгет нығайтылды. Сонымен қатар тәуекел аймағындағы елді мекендерде арық жүйелері тазартылып, тексерілді. Ауданда нөсерлік кәріз жүйесі болмағандықтан, арықтардың жағдайына ерекше мән берілуде.
10 ақпаннан бастап ауданда жоғары дайындық режимі енгізілді. Барлық ауылдық округ әкімдіктерінде кезекшілік кестесі бекітілді. Қорда 2 мың қап, 100 тонна инертті материал, жанар-жағармай, мотопомпалар мен генераторлар бар. Биыл қосымша генераторлар, мотопомпалар және жиналмалы төсектер сатып алу жоспарланып отыр. Тасқын кезеңіне 7,5 млн теңге қаражат қарастырылған.
Ықтимал эвакуация жағдайына 1 150 адамды қабылдай алатын тоғыз эвакуациялық пункт дайындалды. Самар және Миролюбовка ауылдарында уақытша орналастыру орындары белгіленіп, оларды толық жабдықтау жұмыстары жалғасуда.
Аудан әкімі Серік Жеңісовтің айтуынша, барлық жұмыс алдын алу қағидаты бойынша жүргізілуде.
- Басты мақсат — төтенше жағдайдың алдын алу. Барлық қызметтер дайын, қажетті техника мен материал қоры жасақталған. Тұрғындардың қауіпсіздігі — негізгі басымдық, - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар төтенше жағдай туындаған жағдайда азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті тауарларды жеткізу бойынша кәсіпкерлермен келісімдер жасалды. Қосымша техниканы тарту үшін жол ұйымдарымен меморандумдарға қол қойылды.
Жағдай облыс және аудан басшылығының тұрақты бақылауында. Мониторинг күн сайын жүргізілуде.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер