«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» коалициясы мүшелері Глубокое ауданына қарасты Солнечное ауылындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының еңбек ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шара барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, әсіресе әлеуметтік қорғау мен еңбек адамының құқықтарына қатысты нормалар кеңінен талқыланды.
Кездесуде әлеуметтік қорғау – уақытша қолдау шарасы емес, мемлекеттің тікелей конституциялық міндеті екені атап өтілді. Жаңа Конституцияда ең төменгі жалақының, зейнетақының, жасына, ауруына, мүгедектігіне немесе асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік қамтамасыз етудің кепілдіктері нақты бекітілген. Бұл нормалар азаматтардың өмірлік қиын жағдайға тап болған сәтінде мемлекет тарапынан жүйелі қолдау алуына құқықтық негіз қалыптастырады.
- Жаңа Конституция әлеуметтік әділеттілік қағидатын нақтылай түсті. Еңбек адамының құқығы мен қадір-қасиетін қорғау – әділетті мемлекеттің басты көрсеткіші. Әлеуметтік кепілдіктердің Конституциялық деңгейде бекітілуі – қоғам тұрақтылығының берік негізі,- деді коалиция мүшесі Алтай Калигожин.
Еңбекші мамандық иелері үшін бұл өзгерістердің маңызы ерекше. Себебі олардың еңбегі көбіне физикалық жүктемемен, эмоционалдық жауапкершілікпен және кәсіби тәуекелдермен байланысты. Конституцияда бекітілген қағида бойынша, адам адал еңбек етіп, осал жағдайға тап болса, мемлекет оған қорғаныс пен қолдау көрсетуге міндетті. Яғни, негізгі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жауапкершілігі жеке адамның өзіне немесе отбасына емес, мемлекетке жүктеледі.
Ал коалиция мүшесі Анна Кузенцова арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері қоғамның ең осал топтарымен жұмыс істейтінін айтып, олардың өздері де әлеуметтік тұрғыдан сенімді қорғалуы тиіс екенін жеткізді.
- Конституциядағы нақты әлеуметтік нормалар сала мамандарына деген мемлекеттік қолдаудың айқын көрінісі,- дейді ол.
Кездесу барысында еңбек ұжымы да өз ойларымен бөлісті. Орталық қызметкерлерінің бірі Конституция жобасында еңбек адамына басымдық берілуін қолдайтынын айтып, әлеуметтік кепілдіктердің күшеюі сала қызметкерлері үшін маңызды екенін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасын халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары жалғасатынын айтты. Мұндай кездесулер азаматтармен ашық диалог орнатуға, реформалардың мазмұнын нақты түсіндіруге мүмкіндік беретіндігін жеткізді.
Пікірлер