Облыс делегациясы Ресейдің Алтай өлкесінде жұмыс сапарымен жүр. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов бастаған ресми делегация құрамында облыс мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков пен бірқатар басқарма басшылары мен сала мамандары бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сапар Барнаул қаласындағы ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын жетекші кәсіпорындардың бірі, инновациялық агроөнеркәсіптік жабдық өндіруші «Комплекс Агро» компаниясына барудан басталды.
Кәсіпорынның бас директоры Дмитрий Беляев өндіріс процесімен, кәсіпорынды дамыту жоспарларымен және шығарылатын техника мен жабдық түрлерін кеңейту бағыттарымен таныстырды.
Делегация компанияның өндірістік желісіндегі бірқатар техникалармен танысты. Атап айтқанда, «АлтайДиск 12001» егіс кешені, «Алтай-27» астық кептіргіші, ликвилайзер және культиватор көрсетілді. Қонақтарға агрегаттарды өндіру және құрастыру барысы, бөлшектер дайындалатын заманауи станоктар таныстырылды.
Бүгінде компания бес өндірістік алаңды дамытып келеді. 2025 жылы жалпы аумағы 11 мың шаршы метр болатын жаңа өндірістік цех іске қосылған. Бұл «АлтайДиск» егіс кешендерінің өндірісін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.
Былтыр мұнда 1600-ден астам техника өндіріліп, соңғы бес жылда өндіріс көлемі екі есеге жуық ұлғайтылған.
Пікірлер