
Үкіметте айтылғандар үнсіздікпен шектелмеуі тиіс: ШҚО-да Президент тапсырмаларын іске асыру жөніндегі жоспар әзірленеді
11 ақпанда өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облыс активінің отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бектенов мән беретін бағыттар
10 ақпан күні Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Сала министрлері мен облыс әкімдері қатысқан жиында елдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалды. Ең әуелі Мемлекет басшысы Жаңа Конституция жобасына енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бірізділігін бекітетіндігін мәлім етті.
– Ол ең алдымен «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделеді. Соңғы жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады. Ұсынылып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы. Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент Үкімет алдындағы негізгі міндеттерге тоқталып өтті.
– Біздің басты мақсатымыз – қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және халықаралық әлеуетін арттыру. Дүние жүзінде мүлде жаңа үдерістер пайда болуда. Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін біз осы өзгерістерге экономикалық және саяси тұрғыдан бейімделуіміз қажет. Бұл – аса маңызды міндеттің бірі. Біздің миссиямыз айқын: экономикалық өсім жоғары сапаға ие болуы керек, яғни, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға тиіспіз. Басқаша айтсақ, ішкі жалпы өнім артқан сайын азаматтардың нақты табысы да көбеюі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет, – деді Мемлекет басшысы.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Шығыс Қазақстанға қатысты маңызды мәселелерді қозғады.
– Қатонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа әуежайлардың құрылысын биыл аяқтаймыз. Ол осы өңірлерде туризмді дамытуға қосымша серпін береді, – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол Өскемендегі жылу электр орталығының құрылысы жайында мәлім етті.
– Өздеріңіз білетіндей, елімізде электр энергиясының тапшылығы сақталуда. Оны ең жоғары жүктеме кезеңдерінде импорт есебінен жауып отырмыз. Былтыр тапшылық 29%-ға азайғанымен, ауқымы әлі де үлкен. Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО жобалары бойынша мердігер ұйымдар мен қаржыландыру көздері анықталды. Құрылысты жоспарланған мерзімде аяқтаймыз, – деді Үкімет басшысы.
Басшылар не деп баяндады?
Ал облыс активі отырысында бірқатар басқарма өкілі маңызды ақпарттармен бөлісіп, алдағы жоспарларға тоқталды. Мәселен, ШҚО Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Динара Жұманованың ақпаратынша, облыс бюджетінің 60 пайыздан астамы әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттерді шешуге бағытталған.
– Бүгінде өңірде 29 мың жаңа жұмыс орны құрылып, орташа айлық жалақы 9,5 пайызға өсті. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыздан аспайды. Аймақта 12,4 млрд теңгеге 45 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы жүзеге асырылып жатыр. 10 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тарту арқылы тағы 7 жобаны іске қосу жоспарланған, – деді Динара Жұманова.
1 ақпандағы жағдай бойынша өңірде инфляция деңгейі 12 пайызды құрады. Ал 1 мамырға дейін шығыстардың тиімділігін арттыру мақсатында бюджеттік бағдарламаларға ревизия жүргізілмек.
Бұдан бөлек, облыста ақпараттық жүйелерді бірыңғай архитектураға көшіру жүзеге асырылып жатыр. ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Қайрат Бимағамбетовтың сөзінше, цифрлық трансформация картасы аясында 9 басқарма бойынша 116 реестр мен 247 есеп цифрландырылды. Осылайша, мамандардың жұмыс уақыты 30 пайызға дейін үнемделді.
– Негізгі құралдардың бірі – Өңірлік талдау орталығы. ТҮКШ саласында 23 жылу көзінің онлайн-мониторингі енгізіліп, деректер әр минут сайын жаңартылып отырады. Сонымен қатар 6 мыңнан астам бейнекамера деректері, ауа сапасы мен су тасқынын бақылауға арналған автоматтандырылған бекеттер, бейнеаналитика және жасанды интеллект элементтері қолданылып жатыр, – деді басқарма басшысы.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр облыстағы 53 ауыл интернетке қосылды. 2026 жылдың басынан бері тағы 19 елдімекен қамтылды. Қалған 67 ауылды жыл соңына дейін мерзімінен бұрын қосу жоспарланып отыр.
Актив отырысында ШҚО Туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов өңірге тартылып жатқан инвестициялар туралы мәлімет берді. Айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 838 млрд теңгеден асып, 8,3 пайызға өсті.
– Тікелей шетелдік инвестициялар 1,6 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артты. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада үшінші орынға шықты. Ал туризм саласына тартылған инвестициялар 69 пайызға артып, қонақүй және курорттық инфрақұрылым бойынша жаңа жобалар іске асырылуда, – деді Ержан Сембинов.
ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде 29 негізгі азық-түлік түрінің 14-і бойынша халықты қамтамасыз ету деңгейі 100 пайыздан асты.
– Аймақта ет, сүт, май, ұн-жарма, нан пісіру және балық өндірісі жолға қойылған. Экспорттық әлеует те артып келеді. Өткен жылдың 11 айында АӨК өнімдерінің экспорты 367,3 млн АҚШ долларын құрады, – деді басқарма басшысы Ажар Қаджибекова.
Ал сүт өндірісі 9 пайызға өсіп, 260,5 мың тоннаны құрады. Облыста ірі қара мен жылқы саны да артты.
– Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 31 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, субсидиялау жүйесін цифрландыру және мемлекеттік қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді Ажар Қаджибекова.
Орынбасарларға жүктелген тапсырма
Облыс активі отырысының соңында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов жұмысты одан әрі күшейту керектігін атап өтті.
– Облыс халқының әл-ауқатын одан әрі арттыру мақсатында кешенді және жүйелі жұмыстарды жалғастырамыз. Өңірде жаңа жұмыс орындарын құру, бизнесті қолдау, жолдарды қалпына келтіру, әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ ол Президент тапсырмаларын іске асыру жөніндегі облыстық жоспар әзірлеуді тапсырды.
– Менің орынбасарларым, аппарат басшысы, облыстық басқармалар, қала және аудан әкімдіктері бірлесіп, Президент тапсырмаларын іске асыру жөніндегі облыстық жоспарды 25 ақпанға дейін әзірленіп, бекітуге ұсынуды тапсырамын. Әр тапсырма қағаз жүзінде қалып қоймауы тиіс. Сіздерден нақты нәтиже, тәртіп және жеке жауапкершілікті талап етемін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер