
Тарбағатай ауданында зейнеткер күніне 20 шақырым жүгіріп, қыста мұздай су құйынады
64 жастағы Төлеген Қалимажан күн сайын бозара атқан таңмен таласа тұрып, спортпен шұғылданады. Қытымыр қыста тастай сумен құйынып келе жатқанына 30 жылдан асқан. Соның арқасында ауру-сырқаудан ада, мүлде дәрі-дәрмек ішпейді. Сайт тілшісі Ақжар ауылында тұратын зейнеткермен сұхбат құрды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Мұздай суға түсіп, күнделікті жаттығу жасап келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?
– 1961 жылы наурыз айында Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында дүниеге келдім. Бала күнде өте әлжуаз, аурушаң болдым. Қатарластарыммен алысып ойнағанда бірінші жығылып қалатынмын. Содан 7-сыныпта күреске жазылдым. Спортпен шұғылданып, физикалық тұрғыда шыңдалып, 10-сыныпқа келгенде аудан чемпионы болдым. Мектеп бітірген соң бірнеше жыл жұмыс істеп, әскерге бардым. Отан алдындағы борышымды Монғол Халық Республикасының «Гобби» шөлінде өтедім. Ал 1982-1986 жылдары Алматы қаласындағы дене мәдениеті институтын «Бұқаралық дене мәдениеті мен сауықтыру және туризмді ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітірдім.
Есейе келе күресті қойсам да, күн сайын жүгіруді тоқтатпадым. Әсіресе орта, ұзақ қашықтыққа жүгіргенді жақсы көремін. Осыншама жыл бойы жүгіріп жүрмін деп нақты айта алмаймын.
Балалық шақтан бері бойыма сіңген әдетім, дағдым десем де болады. Жазда күніне 20 шақырымға дейін еңсеремін. Қыста күн қысқа әрі жер тайғақ болатындықтан үзіліс жасап, үйде 20-30 минут түрлі жаттығулар жасаймын. Отырып-тұру, пресс, қолмен жерден көтерілу дегендей. Ал көктемнен бастап қара күзге дейін жүгіремін.
Содан соң краннан ағып тұрған тастай сумен беті-қолымды, денемді жуып, аузы-мұрнымды шаямын. Одан кейін сол суды 15 литрлік шелекке толтырып аламын да сыртқа шығып, жалаң денеме құямын. Биылғы қаңтар айында далада -40 градус аяз болып тұрғанда да құйындым. Ауа температурасы -30-дан асқанда табан мұзға жабысады. Сол кезде аяқты үнемі қозғап тұру керек.
Сумен құйынуға не түрткі болғанын айта кетейін. 1995 жылы моншаға түскен сайын екі шекем солқылдап ауыратынды шығарды. Рамазан Түсіпов деген кісі маған «П. К. Ивановтың „Балақан“ деген шынығу жүйесімен айналыссаң, бәрінен де құтыласың» деді. Ол кісінің өзі де осымен айналысатын-тұғын. Содан жаңағы кітапты сатып алып, мұқият оқып шықтым. Әлі есімде, қыркүйектің 29-ында таңертең тұрып суық сумен құйынуды бастап кеттім. Шынында да бірнеше күннен кейін-ақ бас ауырғаны сап тыйылды. Содан бері міне, 30 жылдан астам уақыт бойы күз бен көктем аралығында мұздай сумен құйынып келемін.
– Тамақтану режиміңіз бар ма?
– Таңертең тұра салып 200 грамм су ішемін. Бұл ішкі құрылысты, ішекті шаю үшін. Суды суық та емес, ыстық та емес, бөлме температурасындай қылып, отырып үшке бөліп ішемін. Ал тамақ талғамаймын. Жаттығудан соң таңғы асымды ішемін. 1-де түстеніп, кешкі 7-лерде кешкі асқа отырамын. Дәрумені көп, минералы мол тағамдарды жиірек тұтынуға тырысамын. Жеміс-жидек, жаңғақ жеп тұрамын. Балыққа қатты құмар емеспін.
– Мұздай су құйынудың ағзаға қандай пайдасы бар?
– Пайдасы орасан. Су құйыну – бірнеше секунд ішінде бүкіл ағзаңды оятады. Түнде ұйқың жайсыз болса немесе санаңды бір уайым торласа су оны лезде сыпырып тастайды. Анадан жаңа туғандай боласың.
– Спортпен шұғылданбайтын өзіңізбен құралтпас адамдардың қасында өзіңізді қалай сезінесіз?
– Кейбір адамдар 60-қа келмей жатып екі тізесі сыздап, дұрыс жүре алмай қалады. Жүгіру тұрмақ, сәл көбірек жүрсе ентігеді. Біреудің өкпесі, екіншінің буыны шыдамайды. Екі айдан кейін 65-ке толсам да 120 рет отырып тұрып, 20 шақырымды тоқтамай жүгіре аламын. Дайындығым жағынан спортпен айналыспайтын 20-40 шамасындағы әрбір үшінші жігітпен алысуға шамам жетеді. Көргендер өз жасыңыздан 10 жылдай жас көрінесіз деп жатады. Бұл да спорттың арқасы. Ер адам спортпен тек қандай да бір жетістікке жету үшін емес, өзін қорғай алу, денсаулығын сақтау үшін шұғылдануы керек деп есептеймін.
– Сіздің тәжірибеңізді барлық адамға бірдей қолдануға бола ма, әлде бұл тек жеке физиологияға байланысты ма?
– Бұл өте күрделі сұрақ. Мысалы, дәрігерлер өмір бойына төсекке таңылады деген Валентин Дикуль еш беріспей, өз күшіне қайта келді ғой. Сол сияқты спорттың арқасында түрлі ауруларды жеңгендер аз емес. Ол үшін адамның ерік-жігері, өзіне деген сенімі жоғары болуы керек деп ойлаймын. Сумен құйынуға келгенде де солай, біреудің бүйрегі, екіншінің өкпесі ауырады дегендей. Оларға құйынсаң бәрі жазылады деп айтуға хақым жоқ. Себебі мен айтты екен деп ертең бір адам ауруына ауру қосып жатуы да мүмкін ғой. Сол үшін әр адамның өзіне байланысты. Ал дені сау азаматтарға су құйынып бастауға әсте болады. Әуелі -15 градуста құйынып көрген жөн.
– Сөз соңында спортпен шұғылданбай жүрген жандарға айтарыңыз?
– Кез келген ер азамат Отанын, отбасын, бала-шағасын қорғауға дайын болуы керек. Ал ол үшін спортпен шұғылданып, физикалық тұрғыда мықты болу қажет. Спорт деген – денсаулық. Егер денсаулығың сыр берсе жұмыстың да, байлықтың да керегі жоқ болып қалады. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанайық!
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Фотосурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер