Үш күнге созылған «Біз – жаңа халықтық Конституция үшін» республикалық жастар форумына елдің түкпір-түкпірінен келген белсенді жастар қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараның алғашқы күнінде ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев пен «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев қатысып, жастарға сәттілік тіледі.
Екінші күні қатысушылар Өскемен қалалық Жастар ресурстық орталығына экскурсия жасап, түрлі бастамаларды қолдау тетіктерімен танысты. Сонымен қатар бағдарлама аясында тренингтер, тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылды.
Форумның жабылу салтанатында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ олар «Ассамблея Жастары» жастар театры ұсынған «Qutqar meni» спектаклін тамашалады.
- Бұл жоба жастардың көшбасшылық дағдыларын жетілдіруге, ойлау қабілетін дамытуға және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды ілгерілетуге бағытталған. Республикалық жастар белсенділерінің мектебі жас буынды жалпыұлттық құндылықтар төңірегінде біріктіруге мүмкіндік берді, – деді ШҚО Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының басшысы Равиль Юнусов.
Осылайша, Республикалық жастар белсенділерінің мектебі жас буынның қоғамдық белсенділігін арттыруға және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Пікірлер