A+ A A-

talgatzhan 39 Бүгін, 09:30 0

Алмат Ақышов студенттер арасында байқау өткізбекші

Бүгін / Өскемен

Сол арқылы қаладағы екі ірі ЖОО маңында студенттер үшін саябақ жобасы дайындалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мәлім болғандай, биыл шаһарда бірқатар қоғамдық нысанға жөндеу және абаттандыру жүргізіледі. Олардың қатарында Студенттер аллеясы, Жасанды (Липовая) аллея, Амфитеатр аумағы және Әуезов даңғылы бар. Алмат Ақышов облыстағы екі ірі жоғары оқу орны – Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен С. Аманжолов атындағы ШҚУ орналасқан ауданда жаңа абаттандыру аймағы белгіленгенін айтты.
Сөзінше, университеттер бір-біріне жақын орналасқанымен, студенттердің сабақтан кейін тыныш серуендеп, демалуына арналған қолайлы орын жоқ.

– Студенттер арасында үздік дизайн жобасына байқау өткіземіз. Сол жобалар негізінде университет жатақханалары маңынан заманауи әрі көрікті саябақ саламыз, – деді Алмат Ақышов. 

Сондай-ақ биыл Назарбаев даңғылының Спорт сарайынан Ушанов алаңына дейінгі жолақтар арасындағы жасыл желекті абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

- Назарбаев көшесі, 8/1 мекенжайындағы көтерме сауда дүкені маңындағы аумақ та кеңейтіледі. Былтыр бұл жерде жол төселіп, төрт қураған ағаш кесілген. Енді аумақ толық жаңартылып, жаңа көшеттер отырғызылады. Мұнда шағын аллея салынады, - деді қала әкімі. 

Ертіс көпірі маңындағы Амфитеатр алаңы осы уақытқа дейін мақсатты түрде пайдаланылмаған. Қалалық шаралардың басым бөлігі Республика алаңында өтеді. Енді амфитеатрға тұрақты сахна орнатылып, кейбір мәдени шара сол жерде ұйымдастырылады. Бұл Республика алаңының жиі жабылмауына мүмкіндік береді.

- Егер бәрі ойдағыдай болса, Республика алаңы жылына үш рет қана жабылады: Наурыз мейрамында, Қала күні мерекесінде және Конституция күні мен Жаңа жыл қарсаңында, - деді шаһар басшысы. 

2026 жылы ғимараттардың қасбеттерін жөндеумен қатар, олардың айналасындағы аумақтарды да жаңарту жоспарланған.

– Биыл Әуезов даңғылындағы ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіруді бастаймыз. Қазір даңғылда жарықтандыру жүйесі жеткіліксіз, кей ғимараттардың сыртқы келбеті талапқа сай емес. Сонымен қатар тротуарларды еріген қар суы мен жауын-шашын суы басады. Жарық жүйесін жөндеу, жолдарды қалпына келтіру және ғимараттардың кемінде жартысының қасбетін жаңарту көзделіп отыр, – деді әкім.

Қала тұрғындарының сауалдарына жауап берген әкім бұл жұмыстарға қаржы бөлінгенін атап өтті. Бірінші кезеңде 7 ғимараттың, яғни Әуезов даңғылындағы алты нысан мен С. Нұрмағамбетов көшесіндегі №50 ғимараттың қасбеттері жөнделеді. Қалған ғимараттар екінші кезеңде күрделі жөндеуден өтеді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив