Қала әкімі Алмат Ақышов есеп беру жиынында көшелерді қардан тазарту мәселесіне қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әкім әуелі тұрғындарды түсіністік танытуға шақырды. Оның айтуынша, қысқы күтіп-ұстау жұмыстарының сапасы қаржыландыру көлеміне тікелей байланысты.
– Жақында жолдарды тазарту жұмысына өзім «3» деген баға бердім, кей тұрғындар «2» деп бағалап жатыр. Мұны түсінемін. Алайда бәрі қаржыға келіп тіреледі. Мәселен, Павлодар қаласында қысқы тазалау жұмыстарына 7 миллиард теңге бөлінсе, бізде бұл мақсатқа 2,4 миллиард теңге ғана қарастырылған, – деді Алмат Ақышов.
Сондай-ақ қала басшысы коммуналдық техникалардың басым бөлігі ескіргенін атап өтті.
– Техникаларымыз өте ескі. Былтыр ғана үш жаңа грейдер сатып алдық. Биыл қар қалың түсті, коммуналдық қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Тұз қолданбауды сұрағандар болды, бірақ оны сеппеген жағдайда жолда шұңқырлар пайда болып, тұрғындар қайтадан наразылық білдіреді. Соңғы 35 жылда әкімді шын жүректен мақтаған адамды көрген емеспін, – деді әкім.
Пікірлер