Бұған тұрғындардың қоқыс шығаратын компаниялар алдындағы берешегінің артуы себеп, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәселе қалалық Қоғамдық кеңес отырысында талқыланды. Жиында ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, сондай-ақ «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС мен «Өскемен Тазалық» ЖШС өкілдерінің есептері тыңдалды.
Ресми мәліметке сәйкес, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша келісімшартты тұрғындардың шамамен 60 пайызы ғана жасаған. Кейбір абоненттер үйде тұратын адамдар санын дұрыс көрсетпейді. Ал бұл төлем есептеуіне тікелей әсер етеді.
Келісімшарт жасасқан тұрғындардың шамамен 80 пайызы ғана қызмет ақысын төлейді. Жалпы берешек көлемі 247,1 миллион теңгеге жеткен. Соның салдарынан жиналған қаражат кәсіпорындардың нақты шығындарын жаппайды, бұл қоқысты уақытылы шығаруға кері әсерін тигізіп, контейнерлердің толып кетуіне әкелуде.
Бұған дейін мәслихат депутаттары тариф өсімін тежеуге тырысқан. Алайда Өскемен қалалық Қоғамдық кеңесі төрағасы Асқар Нұрғазиевтің айтуынша, қазіргі жағдай сақталса, тарифті түзету қажеттілігі туындайды.
Тұрғын үйлер үшін тариф – 431 теңге, абаттандырылмаған тұрғын үйлер үшін – 409 теңге. Бұл тариф 2022 жылдың қыркүйегінде қалалық мәслихат шешімімен бекітілген және содан бері өзгертілмепті.
Айта кетейік, Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге мораторий енгізілген. Оның мерзімі 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша аяқталады.
Пікірлер