Қазақстанда деректер мен цифрлық инфрақұрылымды қорғауды күшейтуге бағытталған жаңа ұлттық стандарттар бекітілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
23 ақпанда ҚазСтандарт алаңында ақпараттық қауіпсіздік саласындағы стандарттарды енгізуге арналған онлайн дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдар, әкімдіктер, салалық қауымдастықтар, компаниялар мен сарапшылардан 70-ке жуық өкіл қатысты.
Кездесу барысында 2025 жылы әзірленген бірқатар ұлттық стандарттар талқыланды. Атап айтқанда, ҚР СТ ISO/IEC 15408-4-2025 және ҚР СТ ISO/IEC 15408-5-2025 стандарттары ақпараттық технологиялар қауіпсіздігін бағалау талаптарын белгілейді. Сондай-ақ ҚР СТ 4011-2025 стандарты бағдарламалық қамтылымды қауіпсіз әзірлеуге қойылатын негізгі талаптарды айқындайды.
Дөңгелек үстел ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар жаңа құжаттарды қолданудың практикалық мәселелерін талқылап, сарапшылардың түсіндірулерін тыңдады. Іс-шараға Мемлекеттік техникалық қызмет АҚ және ESSL ЖШС өкілдері қатысты.
ISO/IEC 15408 сериясының стандарттары бұрын қабылданған құжаттарды толықтырып, ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігін бағалаудың бірыңғай жүйесін қалыптастырады. Олар бағалау шарттарын, ақпараттық жүйелерге сенім деңгейлерін айқындайды және мемлекеттік құпиямен жұмыс істейтін жүйелерді қоса алғанда, мемлекеттік жүйелерге қолданылады.
Ал ҚР СТ 4011-2025 стандарты бағдарламалық өнімдердегі осалдық тәуекелдерін азайтуға бағытталған және қауіпсіз әзірлеуді ұйымдастыру талаптарын бекітеді.
ҚазСтандарт мәліметінше, жаңа стандарттарды енгізу ақпаратты қорғаудың бірыңғай әрі түсінікті тәсілін қалыптастырады. Бұл киберқауіпсіздік саласында жүйелі жұмысты жолға қоюға және отандық цифрлық шешімдерге деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың бағалауынша, стандарттарды қолдану цифрлық ортаның тұрақтылығын күшейтіп, аса маңызды деректерді қорғауға және шетелдік технологиялық шешімдерге тәуелділікті азайтуға ықпал етеді.
Айта кетейік, Қазақстан ақпараттық қауіпсіздік пен цифрлық жүйелерге жаңа талаптар енгізді.
Пікірлер