Бұл туралы ШҚО Полиция департаментінде Өскемендегі мамандандырылған қару-жарақ дүкендері мен қаруды орталықтандырылған сақтау пунктерінің басшыларымен кездесуде белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Онда нысандардағы бейнебақылау жүйелерін кезең-кезеңімен ШҚО ПД Жедел басқару орталығына (ЖБО) қосу мәселесі талқыланды.
Қару-жарақ дүкендері мен қаруды орталықтандырылған сақтау пунктері террористік тұрғыдан осал нысандар тізбесіне енгізілген.
Бейнебақылау желісін ЖБО-ға беру іргелес аумақ пен нысан ішіндегі жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға, ал штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде полиция жасақтарының іс-қимылын жедел үйлестіруге мүмкіндік береді.
Қазір облыс орталығында азаматтық және қызметтік қару сататын үш мамандандырылған дүкен және үш орталықтандырылған сақтау пункті жұмыс істейді. Сауда нысандарының бір бөлігі ЖБО жүйесіне интеграцияланған, қалғандары кезең-кезеңімен қосылатын болады.
Бейнебақылау жүйелерін қосу жұмыстары нысан иелерімен және басшыларымен өзара бірлесіп, жоспарлы түрде жалғасады.
Пікірлер