Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Салық кодексіне өзгерістер енгізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
— Иә, қарастырып жатырмыз. Шешім қабылдаудың нақты бір әдісі бар, яғни кейбір мәселе бойынша жауап беру мерзімдерін 3, 5, 10 күн деп белгіледік. Егер осы уақыт ішінде жауап бере алмасақ, онда бұл мәселе жүйелі сипатқа ие деген сөз. Мұндай сұрақтар Салық кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобында талқыланатын сауалдар себетіне жіберіледі. Бұл — жыл сайын отырыс өткізетін стандартты жұмыс тобы. Өзгерістерді, бәлкім, осы жылдың соңында көретін шығармыз. Олар келесі жылы күшіне енуі ықтимал, — деді министр Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.
Ол түзетулер енгізу қажеттігі жөнінде бірқатар шешім қабылданғанын атап өтті.
— Жасырып қажеті жоқ, енгізілуі тиіс деп шешім қабылдаған мәселе өте көп. Кейбір тұстарда Бюджет пен Салық кодекстері арасында сәйкессіздіктер болған. Жалпы жағдай жұмыс тәртібінде. Жобалық кеңсе қалыпты режимде отырыстар өткізіп жатыр, — деді Серік Жұманғарин.
Пікірлер