A+ A A-

talgatzhan 32 Бүгін, 11:00 0

ШҚО-да үш мекеменің жұмысшылар алдындағы қарызы 14 млн теңгеден асады

Бүгін / Басты / ШҚО / Өзекті мәселе

Жуықта Алтай ауданында жол қызметкері көз жұмды деген ақпарат желіде көп талқыланып, қауіпсіздік шараларының сақталмауы тағы бір сөз болды. Суық хабарды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалы баспасөз қызметі таратқан болатын. Бұл дерек өңір бойынша өндіріс статистикасына да енді. Ал жұмыста жүріп жарақат алу жағдайлары бойынша жуықта Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті ШҚО бойынша департаментінің басшысы Бақытбек Кизатов ресми мәлімет ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жазатайым жағдайлар көп пе?

Әуелі статистика. Өңірге қатысты деректерге сүйенсек, аймақтағы жалдамалы қызметкерлер саны 191 378 адам. Соның ішінде 2024 жылы 26 мың адам немесе 13,5 пайызы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген. Ал өткен жылы зиянды әрі қолайсыз еңбек жағдайында тер төккені үшін жұмыс берушілер тарапынан төленген өтемақының жалпы көлемі 28,3 млрд теңгеге жетті.

– 2025 жылы департаментке жеке және заңды тұлғалардан 1 889 өтініш түскен (2024 жылы – 1 847). Оның 1 807-сі – еңбек қатынастарына (2024 ж. – 1 766), 75-і – еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне (77), 7-еуі халықты жұмыспен қамту саласына (4) бойынша. Есепті кезеңде 402 тексеру жүргізілді (2024 ж. – 405). Оның 373-і жоспардан тыс, 29-ы профилактикалық бақылау аясында өтті. Нәтижесінде 251 нұсқама беріліп, 512 заңбұзушылық анықталды. Оның 78 пайызы жойылды, қалғанына қатысты орындау мерзімі әлі аяқталмады, – деді Бақытбек Қизатов.

Жалпы сомасы 39,7 млн теңгеге 149 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Оның 24,7 млн теңгесі немесе 62,2 пайызы өндіріліп, қалған 15,0 млн теңгенің 4,8 млн теңгесі жеке сот орындаушыларына жолданған. Ал 10,2 млн теңге бойынша ерікті түрде өтеу мерзімі әлі тәмамдалмаған.

Анықталғандай, 2025 жылы облыс кәсіпорындарында 128 жазатайым оқиға тіркелді (2024 ж. – 106). Соның салдарынан 143 адам зардап шеккен. Оның ішінде 14 адам көз жұмса, 75 адам ауыр жарақат алып, 54-і жеңіл жарақатпен құтылды. Сонымен қатар жеті топтық жазатайым оқиға болып (10), ол кезде 22 адам зардап шекті. Ең көбі Өскемен қаласында тіркелген – 64 адам (2024 ж. – 52). Сондай-ақ:

Риддер қаласында – 26,

Алтай ауданында – 16, 

Шемонаиха ауданында – 15,

Ұлан ауданында – 11адам өндірістік жарақат алған.

Арты өлімге әкелген жазатайым оқиғалар да бар. Оны кесте түрінде ұсынуды жөн көрдік.

Қала, аудан атауы

Өлім-жітім саны

1

Өскемен

4

2

Алтай ауданы

4

3

Үлкен Нарын ауданы

2

4

Ұлан ауданы

2

Жауапкершіліктен жалтару қиын

Жалпы 123 арнайы тергеу жүргізілді. Оның қорытындысында 197 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, тоғыз қызметкер жұмыстан шеттетілді. 123 қылмыстық іс қозғалып, соның аясында бес лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, «Востокцветмет» ЖШС-дан – екі, «Шахтострой Инжиниринг» ЖШС-дан – екі, Риддер геологиялық барлау кәсіпорнында істейтін бір жауапты тұлға сот алдында жауап берді.

– Арнайы тергеулер нәтижесінде көз жұмған азаматтардың отбасыларына 88,8 млн теңге көлемінде өтемақы төленді. Ал ауыр жарақат алған 75 қызметкерге уақытша еңбекке жарамсыздық парағы негізінде 89,5 млн теңге берілді, – деді Қизатов.

Жауапты тұлға анықтама ретінде мынадай мәліметпен бөлісті: 2026 жылдың қаңтар айында облыс кәсіпорындарында 7 жазатайым оқиға тіркелді (2025 жылдың қаңтарында – 7). Салдарынан 7 адам зардап шекті. Әйтеуір адам шығыны жоқ. Жалпы, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндірістік жарақаттану деңгейі 12,5 пайызға төмендепті. Ең бастысы, биылғы есепті кезеңде өлімге әкелген жағдайларға жол берілмеген.

Жұмыстағы келеңсіз жайт соңы трагедияға ұласып, бірнеше отбасы қара жамылғаны бар. Жалпы, инспекция тарапынан осыған қатысты не істелініп жатыр деген сұрақ. Бақытбек Қизатовтың сөзінше, өндірістік жарақаттарды жасыру деректеріне жол бермеу мақсатында мемлекеттік еңбек инспекциясы, полиция департаменті, денсаулық сақтау басқармасы және облыстық кәсіподақтар орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жұмыс істеп тұр.

– Сонымен қатар, өлімге және ауыр зардаптарға әкелген жазатайым оқиғаларға жол берген кәсіпорын басшылары облыстық үшжақты комиссияның төрт отырысында және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі сараптамалық кеңестің екі жиынында тыңдалды, – деді ол.


Қарыз қанша?

Осыған дейін алпауыт мекемелердің жұмысшылар алдындағы берешегі туралы ақпарат ұсынылып жүрген еді. Департамент басшысы 2026 жылғы 17 ақпандағы жағдай бойынша мерзімі өткен жалақы қарызының жалпы сомасы 14,76 млн теңгені құрап отыр. Берешек үш кәсіпорында 7 қызметкердің алдында қалыптасқан.

Атап айтқанда, «Qazconstructions» ЖШС-да бір қызметкерге 1,15 млн теңге, «Спецавтоматика» ЖШС-інде 1 қызметкерге 2,56 млн теңге, ал LOGYGROUND ЖШС-інде 5 қызметкерге 11,05 млн теңге көлемінде жалақы берешегі бар.

Жыл басынан бері облыс аумағында еңбек жанжалдары тіркелмепті.

 

Асыл АЙТБАЕВ

Фотосурет: ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінен

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив