A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 11:20 0

Түлікке тісі батқан түлкі: Зайсан ауданында ірі қара малдан құтыру ауруы анықталды

Бүгін / ШҚО / Зайсан / Өзекті мәселе

Өңірде жануарлар арасындағы әлдебір ауру шықса жұртқа алдын ала хабарлап, ескерту жұмысы бірқалыпты жүргізіліп жатыр. Облыстық Ветеринария басқармасы басшысы Рамиль Сағындықов жуықта осыған жағдайдан хабардар етті. Қысқасы, жыртқыш аң тістесе, шатақ дейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ауру таратын аңдар

Басқарма басшысы атап өткендей, тіркелген әрбір ауру жағдайына ветеринариялық қызмет жедел әрекет етеді. Мәселен, жыл басында Зайсан ауданында бес бас ірі қарадан ауру анықталған. Мәлім болғандай, ауру малға қолға түскен түлкіден жұққан. Жануар зертханалық тексеруден өткізіліп, сараптама нәтижесінде одан вирус табылды.

Осы жағдайға байланысты шұғыл түрде шектеу шаралары енгізілді. Ауру мал оқшауланып, вакцинация жүргізілді. Сонымен қатар инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті ветеринариялық-санитариялық іс-шара толық орындалды. Рамиль Сағандықовтың сөзінше, қазір эпизоотиялық жағдай тұрақты әрі қатаң бақылауда.

– Ауру негізінен түлкі, қарсақ және қасқыр секілді жабайы аңдар арқылы таралады. Біз мемлекеттік келісімшарттар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тұрақты зерттеулер жүргізіп келеміз. Биыл вирус Зайсан ауданында тек бір ғана аумақта тіркелді, – деді басқарма басшысы.

Айта кету керек, соңғы уақытта түлкілер елдімекендерге жиі жақындай бастаған. Ветеринариялық қызмет мамандары оларды ұстап, міндетті түрде тексеруден өткізеді. Мәселен, Өскемен маңына келген түлкі қолға түсіріліп, сараптамадан өтті. Нәтижесінде оның ауру дертіне шалдықпағаны анықталды. Рамиль Нығметжанұлы облыста эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Биыл бұл мақсатқа өңірлік бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

– Өткен жылы сегіз қауіпті аймақта 4,7 млн доза вакцина егілді. Бұған 757 млн теңге бағытталды. Сонымен қатар ірі қара мал арасында туберкулезге қарсы аллергиялық тестілеу жүргізілді. Биыл 4,3 млн вакцина егу жоспарланған. Осыған дейін 2,3 млн доза таратылып, бұл мақсатқа 394,7 млн теңге жұмсалды, – деді Рамиль Сағандықов.

 

Өлексе де өмірге қауіпті

Бұдан бөлек, паразиттік аурулардың алдын алу бойынша да жүйелі шаралар қолға алынған. Былтыр 134 мың профилактикалық іс-шара өткізілсе, 2026 жылы 140 мың шара ұйымдастыру жоспарланып отыр.

– Биыл бруцеллезді анықтау үшін 1,2 млн сынама алу жоспарланған. Жыл басынан бері 2000-нан астам сынама тексеріліп, олардың барлығы теріс нәтиже көрсетті, – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ өңірде мал өлекселерін қауіпсіз көму инфрақұрылымы да күшейтіліп жатыр. Қосымша 54 мал қорымы ашылып, облыс бойынша 157 мал қорымы мен 101 күйдіргі көму орны тіркелген. Барлық нысандар қоршалып, тұрақты бақылауға алынған.

Баян ӨТЕПҚАЛИ

Фотосурет: ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив