
Алмат Ақышов өскемендіктерге екінші рет есеп берді
20 ақпанда шаһар басшысы Алмат Ақышов алдымен С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да халықпен жүздескен болатын. 27-ші ақпан күні тағы бір есептік кездесуін өткізіп, не істеліп, не істемек екенін баяндады. Достық үйі ғимаратына жиналған жұрт көкейде жүрген сауалдарын қоюға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қойшыға бұйырмаған баспана
Бірақ бәріне бірдей жауап берілмеді. Бұған әлі тоқталып өтеміз. Кездесудің ресми бөлігінде әкім өткен жылды қорытындылап, 2026 жылға жоспарланған жобаларды таныстырды. Алайда сұрақ-жауап кезеңінде залдағы ахуал қыза түсті. Оның ішінде, баспанадан бастап, жол, аула, жарықтандыру, экология мәселесіне дейін сауалдар қойылды. «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің өкілі мемлекеттік тілге қатысты ұсыныс айтып, мекеме атауын қазақ тілінде ресми бекіту жөнінде мәселе көтерді.
– Қаншама жұмыс атқарылып, жобалар әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта бұл жақсы нәтиже беріп, бұдан да көбейе берсін дегім келеді. Осы «Достық үйінде» қызмет етемін. Егемендік алғалы бері 35 жыл өтті. Осы мекеменің атауын мемлекеттік тілде, қазақ тілінде қоюды сұраймын. Мен сізге арнайы хат та жазамын, – деді ол.
Алайда бұл сауалға нақты жауап берілмей, келесісіне кезек берілді. Тұрғындардың бірі 40 жылға жуық «Марқакөл» совхозында еңбек еткен, 12 баланың анасы, «Алтын алқа» иегерінің 2020 жылдан бері үй кезегінде тұрғанын жеткізді.
– Менің жеңгем сізге сауал жолдады. Ол кісі 40 жылға жуық «Марқакөл» совхозында қой бағып, жұмыс істеген. Зейнетке шығып, қалаға көшіп келді. 2020 жылдан бері үй кезегінде тұр. 12 баланың анасы, алтын алқа иесі. Енді сол жасы да келіп қалды, кезегі жылжымай жатқанына алаңдап отыр, – деді өскемендік ақсақал.
Әкім жеке мәселелерді көпшілік алдында талқыламай, кейін жеке қарастыруды ұсынды. Кейбіріне ішкі эмоциясын жеткізе, іліп-теріп жауап бергендей көрінді.
– Жеке сұрақтарды бөлек қарайық. Мұнда қалаға ортақ мәселелерді талқылайық, – деп келте қайырды.
Бас қатырған баспалдақ
Абай даңғылы мен Космическая көшесі маңындағы тұрғындар бұған дейін уәде етілген баспалдақ жөндеу жұмыстарының орындалмағанын айтты. Сонымен қатар, тұрғын үйлердің қасбеті жаңартылмағанын, көше жарығының жеткіліксіздігін және балалар ойын алаңының жоқтығын көтерді.
– Көктемде біздің ауданға келген едіңіз. Космическая көшесіндегі ауланы жөндеп бердіңіздер. Сол кезде есіңізде болса, үйдің подъезіне қарай шығатын баспалдақ мәселесін айтқан едік. Өзіңіз жөндеп береміз деп айтқансыз. Бірақ ол уәде орындалмады. Қазір ол баспалдақпен жүру қиындап кетті. Екінші сұрағым, тұрғын үйлердің қасбеті бізде өмір бойы жөнделмеген. Тіпті қопсып, түсіп жатыр. Спорт сарайы жақта тұрғанымызбен, көшенің бәрі қараңғы. Сол жағын қарастырып берсеңіз. Одан кейін, бізде балалар ауласы жоқ. Мен өзім көпбалалы анамын. Балаларды қайда ойнауға жіберетінімізді білмейміз, – деді Абай даңғылының тұрғыны Айжан Сарбазова.
Әкім баспалдақ мәселесіне қатысты кешірім сұрап, бір апта ішінде шешілетінін жеткізді.
– Баспалдақ мәселесіне келсек, оның істелмегені сорақы дүние екен. Егер шынымен істелмесе сіздерден кешірім сұраймын. Маған істедік деп айтқан. Бір апта ішінде істеп береміз. Ал қасбет бойынша айтатын болсақ, әр адам өзі тұратын жерде бәрі мінсіз болғанын қалайды иә? Жол төселіп, жарық жанып, тұрғын үйлердің сырты әдемі болғаны жақсы. Бірақ, бұлай болмайды. Әр нәрсе кезең-кезеңімен жүзеге асады. Жақында Абай даңғылы мен Космическая көшесін қосатын жолды істедік. Жақсы жоба болды ол. Қалғаны өз уақытымен, – деді Алмат Ақышов.
«Иттерді өлтіруге рұқсат жоқ»
Соңғы уақытта қалада қаңғыбас иттердің көбеюі де өзекті мәселеге айналған. Тұрғындар әсіресе мектеп оқушылары үшін қауіп барын айтты.
– Жазда иттерді ұстап, күзде босатып қоя беретін иелеріне қандай жауапкершілік қарастырылған? Олар көбейе береді. Кейін адамдарға шабуылдайды. Әсіресе, мектеп оқушыларына қиын, – деді саяжай тұрғыны.
Әкімнің сөзінше, иттерді жоюға заңмен тыйым салынған. Қазір оларды аулап, стерильдеу жұмыстары жүргізілуде. Ит иелеріне жауапкершілік жүктейтін норматив қабылданып, айыппұлдар салынып жатыр.
– Ит мәселесі бірінші рет қозғалып тұрған жоқ. Мен кезінде «иттерге қарағанда адам өмірі қымбат» деген сөзім үшін айыпты болдым. Жануарларды қорғаушы ұйым өкілдері мені осы сөзім үшін ұнатпай қалды. Біз иттерге қарсы бірнәрсе істейтін болсақ, олар өре түрегеледі. Ал иттерді өлтіру бұл қылмыстық құқық бұзушылыққа жатады. Ешкім бұл заңға қарсы шықпайды. Біз иттерді ұстап, стерильдейміз. Бірақ өлтіруге рұқсат жоқ. Бұл біздің қаламызда ғана емес, республикада да өзекті мәселе. Қалалық мәслихат депутаттарымен бірігіп, ит иелеріне жауапкершілік танытатын норматив қабылдадық. Айыппұл салып жатырмыз, – деді Алмат Ақышов.
Өскемендіктер үшін қордаланған мәселелердің тағы бірі – ауа сапасының нашарлауы. Әсіресе желсіз күндері тымырсық басып, тамағыңды күйдіреді. Тұрғындар тарапынан «Казцинк», Өскемен титан-магний комбинаты және жылу электр орталығының қалдықтары туралы сауал қойылды.
– Өскеменде тағы зауыт салынуы мүмкін бе? Қарапайым халық жағдайы мен денсаулығын кім ойлайды? «Казцинк», «ТМК», ЖЭО ауаға зиянды қалдықтарды бөліп жатқаны анық. Мен осы қалада тудым, бірақ ол кезде бұндай газ болған жоқ. Айыппұл салып, толығымен жойып тастау керек деп ойлаймын. Сіздер зауыттарға айыппұл саласыздар, ал ол ақша қайда кетіп жатқаны белгісіз, – деді қала тұрғыны.
Алмат Ақышов қалада жаңа зауыт салу жоспары жоқ екенін айтты. Дегенмен инвесторлар келсе, толықтай бас тарту қиын екенін жеткізді.
«Әуежай» жұрты жылуға қосыла ма?
Дамыған заман десек те, қала шетіндегі кейбір жеке үйлер әлі орталықтандырылған жылуға қосылмаған. «Әуежай» ықшамауданындағы Сибинская және «Южный» тұйық көшелерінің тұрғындары орталықтандырылған жылуға қосылу мәселесін көтерді.
– Бізде «Әуежай» ықшамауданында Сибинская, «Южный» тұйық көшелерінің жеке тұрғын үйлерін жылуға қосу туралы айтайын деп едім. Тура біздің жанымызда 4-ші қазандық жұмыс істеп тұр. Соған қосылсақ деп едік. Мен неше рет хатта жаздым, байланысқа шығып та көрдім. Бірақ жауап ала алмадық, – деді Татьяна Александровна.
Әкім бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін айтып, назарға алатынын жеткізді.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер