2025 жылы Қазақстанға тұрақты тұруға 23 761 адам келді, ал кеткендердің саны 7 608 адам, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Сыртқы көші-қонның сальдосы оң — 16 153 адам. Осылайша елімізде қатарынан үшінші жыл көші-қонның оң сальдосы байқалып отыр.
2024 жылмен салыстырғанда Қазақстаннан кеткендер саны 40,2% азайды, елге келгендер саны 18,9% кеміді.
— Негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүрген. Достастық елдеріне барлық келушілердің 81,8% және кеткендердің 71,8% тиесілі. Басқа елдердің ішінде Қытайдан, Моңғолиядан және Германиядан келгендердің саны көп болса, кеткен елдер арасында азаматтар Германия, Польша және АҚШ-қа көбірек көшкен, — делінген Ұлттық статистика хабарламасында.
Келгендердің басым бөлігі тұрақты тұру үшін еліміздің өңірлері арасында Алматы облысын — 5 754 адам, Алматы қаласын — 4 068 адам және Маңғыстау облысын — 3 562 адам таңдаған.
Елден кеткендердің көбі Қарағанды облысынан — 1 451 адам, Алматы қаласынан — 757 адам және Шығыс Қазақстан облысынан — 685 адам көшіп кеткен.
Шетелден кеткендер мен келгендердің негізгі үлесі 35-39 жас аралығындағы азаматтар. Елден кеткендер және келгендер арасында техникалық және экономикалық білімі бар адамдар саны басым.
— 2024 жылымен салыстырғанда ел ішіндегі көші-қон 13,6% өсті. Өңірлер арасында еліміздің 4 аймағында халық көші-қонының оң айырмасы байқалып отыр: Астана (87 459 адам), Алматы (33 126 адам), Шымкент (15 130 адам) қалалары және Алматы облысында (12 110 адам), — делінген хабарламада.
Пікірлер