Мемлекет басшысының 30 наурызда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес ІІМ Алматы қаласындағы резонанстық жол-көлік оқиғасының мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеп-тексеру және кінәлілердің жазадан жалтармауын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. ZEEKR автокөлігінің жүргізушісін сот шешімімен қамауға алу шарасы қабылданды. Анықталғандай, ол апат кезінде алкогольдік масаң күйде болған.
Сонымен қатар бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі фактілері бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізуде. Қоғамда таралған барлық мәлімет тексерілуде.
Жағдайға объективті баға беру үшін Алматы қаласына ІІМ комиссиясы - Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент жіберілді.
Қызметте жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Қазір қызметтік тәртіпті күшейту және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдануда.
Қалаға басқа өңірлерден полиция жасақтары жіберілді. Кең ауқымды тексеру және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегінің жолы кесілді. Оның ішінде мас күйінде көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмір қолдану және жүргізу құқығынсыз көлік басқару фактілері бар. 2 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды.
Осындай күшейтілген іс-шаралар бүкіл ел бойынша жүргізілуде.
Пікірлер