Абай облысында сот өрт кезінде қаза тапқандар туралы жалған ақпарат таратқан әйелді жауапқа тартты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
3 наурызда Семейдегі «Balapark» балалар ойын-сауық орталығында өрт шыққан болатын. Төтенше қызметтердің жедел іс-қимылының арқасында адам шығыны болған жоқ.
Алайда қала тұрғыны Instagram желісіндегі қалалық пабликтердің бірінде өрт салдарынан 18 адам қаза болды деген жалған ақпарат жариялаған.
Абай облысы прокуратурасының мәліметінше, мұндай жалған ақпараттың таралуы тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызып, қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкелуі мүмкін болған.
Құқық бұзушының кім екені жедел анықталып, оған қатысты әкімшілік іс қозғалған. Сот отырысы барысында әйел өз кінәсін мойындады.
Сот қаулысымен ол жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 86 500 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Пікірлер