A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 15:00 0

Отандық спортшылар халықаралық жарыстарда 200 медаль жеңіп алды

Бүгін / Республика / Спорт

Биыл І тоқсанның қорытындысы бойынша отандық спортшылар халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетті. Жерлестеріміз жазғы олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінде жалпы 138 медаль олжалады. Оның ішінде 51-і алтын, 39-ы күміс және 48-і қола. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық спорт түрлерінен отандық спортшылар 22 медаль иеленді. Оның ішінде 9-ы алтын, 6-уы күміс және 7-еуі қола.
— Пара спортшылар да табысты өнер көрсетті. Бірінші тоқсанда олар жалпы 34 медаль (15 алтын, 10 күміс және 9 қола) жеңіп алды. Атап айтқанда, паралимпиадалық спорт түрлерінен 24 медаль (7 алтын, 8 күміс, 9 қола) олжаласа, паралимпиадалық емес бағыттарда 10 медаль (8 алтын, 2 күміс) еншіледі, — делінген хабарламада.
Қысқы спорт түрлерінде де спортшыларымыз 6 медаль (4 алтын және 2 күміс) жеңіп алды. Осылайша, 2026 жылдың І тоқсанында Қазақстан құрамасы жалпы 200 медаль (79 алтын, 57 күміс және 64 қола) олжалады.
Сонымен қатар алғашқы тоқсанда отандастарымыз бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, велотректен Қазақстанның жасөспірім қыздар құрамасы Филиппиннің Тагайтай қаласында өткен Азия чемпионатында командалық із кесу жарысында тарихи алтын медаль жеңіп алды.
Сондай-ақ Швейцарияның Айроло қаласында өткен фристайл-акробатикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Асан Асылхан финалда 103,35 ұпай жинап, алтын медаль иеленді. Ал Дінмұхаммед Райымқұлов 92,82 ұпаймен күміс жүлдегер атанды. Бұдан бөлек, Әзербайжанның Баку қаласында өткен спорттық гимнастикадан Әлем кубогі кезеңінде Милад Карими екі күміс медаль жеңіп алды.
Сондай-ақ конькиші Кристина Шумекова айрықша нәтиже көрсетіп, жасөспірімдер арасында әлемнің абсолютті чемпионы атанып, бес алтын медаль жеңіп алды. Бұл — отандық спорт тарихындағы маңызды жетістік.
Туризм және спорт министрлігі жоғары жетістіктер спортын дамыту және ұлттық құрамаларды алдағы халықаралық жарыстарға дайындау бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив