Самар жағалауы Қытайдың туристік компанияларының қызығушылығын тудырып отыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы делегациясының Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына жасаған жұмыс сапарында белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Делегация құрамында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің жетекшілігімен қала және аудан басшылары болды. Қытайлық әріптестермен инвестициялық мүмкіндіктер, соның ішінде туризм саласын дамыту мәселелері талқыланды.
- Қытайдың бірқатар туристік компаниясымен бірнеше кездесу өткізіп, ынтымақтастық туралы келісімге келдік. Жазғы маусымда олар Самар жағалауына бір мезгілде шамамен 150–200 турист әкелуге дайын, деді Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов.
Жақын уақытта Сарыбелдегі демалыс орындарының иелерімен қытайлық туристерді қабылдау және жайлы орналастыру бойынша келісімшарттар жасасу жоспарлануда.
- Бүгінде ауданда 71 демалыс базасы жұмыс істейді. 580-ден астам үй және шамамен 3 000 туристке арналған орын бар. Туристердің негізгі легі жазда келеді. Саланы одан әрі өркендету үшін туризмді дамыту тұжырымдамасы әзірленген, - деді Серік Жеңісұлы.
Ауданда инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы «Көкпекті – Самар – Васильев өткелі» облыстық маңызы бар тасжолының бір бөлігі орташа жөндеуден өтті. Биыл бұл жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар жақын арада Сарыбел жағалауында сапалы ұялы байланыс пен интернет қосылады, бұл туристер үшін қолайлы жағдай жасайды.
Өңірдегі туристік кластерді дамыту облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың бақылауында. Биыл Бұқтырма су қоймасы жағалауында заманауи серуен аймағын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ Самар жағалауын абаттандыру және дамыту бойынша бас жоспар дайындалуда.
- Сарыбел және Новостройка ауылдарында жағажай аймақтарын абаттандырып, оларға коммуналдық жағажай мәртебесін беру жоспарланған. Оларды заңнамаға сәйкес кәсіпкерлердің сенімгерлік басқаруына беру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұдан бөлек, қызмет сапасын арттыру мақсатында Миролюбовка ауылында демалыс базаларына апаратын жол бойында санитарлық-гигиеналық нысан салу көзделген, - деді Серік Жеңісов.
Ауданда оқиғалық туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл «Open Air – Sarybel» жазғы маусымының ашылуы және «BAJA GAMES SAMAR» экстремалды туризм жарыстарын өткізу жоспарланған. Бұл жобалар туристер мен инвесторларды тартуға және өңірдің танымалдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Пікірлер