15–16 мамыр аралығында Шығыс Қазақстан этнографиялық музейі Сол жағалау кешенінің аумағында (Сәтбаев даңғылы, 92) «Ғасырлық дәстүрлер» кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының халықаралық фестивалі ұйымдастырылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Моңғолия елдерінен келген шеберлер мен қолөнершілер, этнодизайнерлер, музейлер мен креативті индустрияны дамыту орталықтарының өкілдері қатысады.
Көрерменнің назарына кұрақ құраудың, кілем тоқудың, киізден жасалған бұйымдардың, гобелендердің, дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнердің басқа да бұйымдарының бірегей үлгілері ұсынылады.
Фестиваль аясында «Global Best of Records» халықаралық рекордтар кітабына енгізе отырып, «Аламан құрақ – 2026» жобасын өткізу жоспарланған.
Сондай-ақ жетекші шеберлердің шеберлік сағаттары, тақырыптық көрмелер мен шығармашылық зертханалар, облыстың этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесу, аудандар мен қалалардың мәдениет қызметкерлері үшін бейінді сарапшылардың қатысуымен материалдық емес мәдени мұра мәселелері бойынша оқыту семинары ұйымдастырылады.
Ал концертте Еділ Құсайынов, Серәлі Мұхамедсадыков, Далайхан Алпамыс, Зайт Асқарұлы, «Қорқыт» және «Барқытбел» этнофольклорлық ансамбльдері өнер көрсетеді.
Айта кетейік, «Ғасырлық дәстүрлер» фестивалі — мәдениеттер диалогына арналған бірегей алаң.
Кіру тегін.
Пікірлер