Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Конституцияны түсіндіру жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспары аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет еліміздің Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Қазіргі таңда сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Конституцияның барлық новеллалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде, - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.
– Мәдениет және ақпарат министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы бағытта жоспарлы жұмысты одан әрі жалғастыруы қажет. Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері халықтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру жөніндегі кешенді бағдарламаны уақтылы әзірлеп, Конституцияның тың қағидаттарын мектептер мен колледждердің және университеттердің үлгілік оқу бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етуге тиіс, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сондай-ақ заңнаманы талдау жүргізіп, бағдарламалық құжаттарды өзектендіру жұмыстарын аяқтау тапсырылды.
– Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, белгіленген мерзімдерде қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізіп, барлық заңдар мен бағдарламалық құжаттарды өзектендіру жұмыстарын аяқтау қажет. Барлық орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органға Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді Олжас Бектенов.
Пікірлер