A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 11:25 0

Шекара шебіндегі Шемонаиха өңір көлемінде өнеркәсібі өркендеген өлкелердің бірі

Бүгін / Шемонаиха

Шемонаихаға барған сапар аталған ауданды жаңа бір қырынан байқатқандай болды. Естеріңізде болса, өткенде «Шығыс 360°» жобасы аясында Глубокое, Ұлан аудандарының жаңалықтарымен бөліскен едік. БАҚ өкілдері бұл жолы өнеркәсібі өрлеп тұрған өлкеге табан тіреп, бірнеше нысанмен танысты. Аңыс-әпсанаға толы жерді де аралап, жағдайын біліп қайтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жұмысшыларға жатақхана салынады

Әр уақыттағы өзгерістер мен қайнаған тірлікке көз жүгіртсек, аудан экономикасының негізгі драйверлерінің бірі – өнеркәсіп саласы екені белгілі. Ресеймен шектеседі. Ол жақпен де сауда-саттық бар. Соның ішінде, Шемонаихадағы ұн тарту және құрама-жем комбинаты өндірісін жаңғыртуға тоқталайық. Кәсіпорын бірыңғай кешенді бағдарлама аясында 1,9 млрд теңге көлемінде несие алып, оның 920 млн теңгесіне заманауи қондырғылар сатып алған. Жабдықтардың барлығы Түркияда өндірілген. Кәсіпорын директоры Тимур Тиловтың айтуынша, жаңғырту жұмыстары өндіріс тиімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік берген.

– Кәсіпорын заманауи өндірістік-техникалық базаға ие. Диірмен кешені, элеватор және логистикалық инфрақұрылым толық жаңартылды. Өнімдер ішкі нарықпен қатар экспортқа да шығарылады, – деді ол.

Бүгінде кәсіпорында 53 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар қызметкерлерге арналған жатақхана салу жоспарда бар. Ең маңыздысы – мұнда өндірілетін мал азығы оңтүстік өңірлерге экспортталып, аудан экономикасының дамуына серпін беруде.

Ауданда ірі инвестициялық жобалар да қолға алынған. Аудан әкімі Дидар Кеңесбаевтың айтуынша, Үбі өзені бойында құны 200 млн доллардан асатын жоба әзірленуде.

– Соңғы жылдары бірнеше ірі жоба іске асырылды. Жыл сайын жаңа жұмыс орындары ашылып келеді. Бұл аудан экономикасының тұрақты дамуына негіз болады, – деді ол.

Кәсіпкерлік саласында да оң өзгерістер бар. Шемонаихадағы «Арнау» супермаркеті ішкі өндірісін дамытып, тұрғындарды сапалы әрі балғын өніммен қамтамасыз етіп отыр.
– Біз нан-тоқаш өнімдері мен түрлі дайын тағам шығарамыз. Өнім сапасына ерекше мән береміз, – деді кәсіпорын директоры Анастасия Елизарова.

 

Амбулатория ашылды

Шемонаиха ауданында әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінуде. Ахмет Байтұрсынов атындағы №5 мектеп – өңірдегі қазақ тілінде білім беретін бірегей оқу орны. Бүгінде мұнда 375 оқушы білім алуда. Соңғы жылдары мектептің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылып, жаңа кабинеттер ашылған.

– Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту басты назарда. Телестудия арқылы олар журналистика негіздерін меңгеріп, өз жобаларын жүзеге асыруда, – деді тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Жанерке Құдайбергенова.

Ал «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған Шәкәрім атындағы №4 мектепте 349 оқушы білім алуда. Оқушылар республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.

Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Волчанка ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылып, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетілуде.

– Мұнда барлық қажетті қызмет түрі бар. Профилактикалық жұмыстар мен тексерулер тұрақты жүргізіледі. Жас мамандарды тарту жұмыстары қолға алынған, – деді бас дәрігер Бақыт Таймасова.

Сондай-ақ Выдриха ауылындағы «Уба» шипажайы зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған сауықтыру орталығына айналған. Мұнда демалушылар 12 күн бойы ем алып, түрлі медициналық процедуралардан өтеді.

– Демалушыларға барлық жағдай жасалған. Емдік процедуралармен қатар бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік бар, – деді шипажай директоры Айжана Мұхамадиева.

Руханият саласында да ілгерілеу бар. Шемонаихадағы тарихи-өлкетану мұражайында 24 мыңнан астам экспонат сақталған. Мұнда жыл сайын 260-қа жуық іс-шара өткізіліп, 10 мыңнан астам келуші қабылданады.

 

Спортта серпіліс бар ма?

Ауданда инфрақұрылым мен спорт саласы да қарқынды дамып келеді. Спорттық кешенде бүгінде 600-ге жуық тұрғын тұрақты түрде спортпен айналысады. Қазір нысан кеңейтіліп, қосымша жаттығу залы салынып жатыр.

– Жаңа залда күрес, бокс, дзюдо және үстел теннисі бойынша жаттығулар өткізу жоспарланған, – деді аудандық бөлім басшысы Ришат Ахметов.

Сонымен қатар, ауданның туристік әлеуетін арттыру бағытында жаңа жобалар қолға алынуда. Үбі өзені бойында бір күндік туризм жобасы іске асырылып, тынығушылар катамаран арқылы табиғатты тамашалай алады. Аудан әкімі Дидар Кеңесбаевтың айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта кеңейтіліп, облыстық деңгейде жүзеге асырылады. Балаларға арналған экологиялық лагерь де ұйымдастырылып, оқушылар табиғат аясында демалып қана қоймай, экстремалды жағдайда өмір сүру және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын меңгереді.

«Мария жартасына» да бардық, айтпақшы. Дидар Кеңесбаев кеңес тұсында Шемонаихада тұрған бірнеше танымал жазушыны атап өтіп, олар жазған шығармаға тоқталды. Сөзінше, шемонаихалық қаламгер Анатолий Ивановтың «Тени исчезают в полдень» романындағы кейіпкер – Мария Воронованың тағдырына орайластырып, осылай қойылған. Марияның өзі шынайы өмірде болмаған, жиынтық образ. Аудан әкімі аталған жартасты осы өлкенің «визит картасына» айналдырғысы келетінін жеткізді.

 

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив