Бүгін Жеңіс мемориалдық кешенінде қала тұрғындары мен еріктілердің қатысуымен сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен қала әкімі Алмат Ақышов қатысты.
Өңір басшысының сөзінше, сенбілікке қатысу ерікті түрде болуы тиіс.
- Мұндай сенбіліктерді тек тазалық жұмысы ғана емес, салауатты өмір салтының бір көрінісі ретінде де қарастыруға болады. Өскемен — көркем табиғатымен ерекшеленетін қала. Ертіс пен Үлбінің тоғысқан тұсы, айналасындағы таулар мен ормандар өңірге ерекше келбет береді. Осындай табиғи байлықты сақтау — әрбір тұрғынның міндеті. Қала халқы бүгінде 385 мың адамға жетсе, болашақта бұл көрсеткіш 500 мыңнан асуы мүмкін. Сондықтан қаланың тазалығы мен дамуына әр азаматтың үлес қосуы маңызды, - деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Сенбілік барысында «Өмір жолы» атты жаңа жоба таныстырылды. Жоба аясында Жеңіс мемориалынан Лихарев көшесіне дейінгі аумақта жаңа аллея салу жоспарлануда. Мұнда балалар мен ересектерге, спортпен айналысатын жандарға қолайлы жағдай жасалмақ.
Қала әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, алдағы уақытта мердігер ұйым анықталып, ауа райы жақсарғанда құрылыс жұмыстары басталады.
Пікірлер