Мұндай тапсырманы аудан әкімі Серік Жеңісов ауылдық округ әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан әкімдігінің кезекті отырысында елдімекендерді абаттандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу талқыланды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қолға алынған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аудан аумағында бірқатар оң өзгеріс байқалады. Бүгінге дейін көшелер мен аумақтардан 21 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сонымен қатар өзен-көл жағалаулары тазартылып, ағаш көшеттері отырғызылды. Аудандық және облыстық маңызы бар жол учаскелері де ретке келтірілді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сәулет және құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жазда көшелер, тротуарлар мен көпірлер жуылды. Бұл мақсатта мердігер ұйыммен келісімшартқа қол қойылды.
Аудан әкімі Серік Жеңісовтің айтуынша, ауылдардың тазалығы – тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Сондай-ақ бұл іске мемлекеттік мекемелермен қатар жергілікті тұрғындар да белсенді қатысып, сенбіліктерге шығуда.
Алдағы уақытта Самар ауылында және басқа да елдімекендерде негізгі көшелер мен саябақтарға гүлзарлар орналастыру жоспарланған. Кәсіпкерлерге де өз нысандарының айналасын абаттандыру ұсынылды.
Пікірлер