
Оксана Черткова: Қазақ тілін білуім – журналистикаға жол ашты
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Бұл мереке – елдегі татулық пен келісімнің айқын көрінісі. Жыл өткен сайын оның маңызы артып, мазмұны тереңдей түсуде. Әсіресе өңірдегі өзге ұлт өкілдері үшін бұл күннің мәні айрықша. Бүгінде олар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, бір үйдің баласындай араласып кетті. Солардың бірі – Үлкен Нарын ауданының тумасы Оксана Черткова. Бала күнінен қазақ тілін жетік меңгерген ол бүгінде ақпарат саласында еңбек етіп жүр. Қазақы ортада өсіп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген Оксана мемлекеттік тілде еркін сөйлеп қана қоймай, оны күнделікті жұмысында да белсенді қолданады. Мереке қарсаңында кейіпкерімізбен сұхбаттасып, қазақ тілінің рөлі туралы аз-кем әңгімелестік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Оксана, алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз…
– Мен Үлкен Нарын ауданындағы Балғын ауылында туып-өстім. Ондағы тұрғындардың 95%-ы – қазақтар. Орыс ұлтынан тек біздің отбасы болды. Күнде көріп жүрген адамдар, бірге ойнайтын балалардың барлығы қазақша сөйлейтіндіктен, ағам екеуіміз ақырындап қазақ тілін меңгере бастадық. «Қай уақыттан бастап қазақ тілін білесіз?» деген сұраққа қалай жауап берерімді де білмеймін. 5-6 жастан қатарластырымызбен араласып, қарапайым сөздер арқылы үйреніп кеттік. Кейін мектепке баратын кезде ата-анамызда екі таңдау болды. Бірі – аудан орталығындағы орыс мектебіне күнде апарып жүру, екіншісі – ауылдағы қазақ мектебіне беру. Сонда анам тәжірибелі мұғалім кеңесін тындап, бізді ауылда оқытуды шешті. Ол кісі кішкентай балалардың тілді тез меңгере алатындығын айтқан екен. Сөйтіп, ағам 1 сыныптан, мен мектепалды даярлық сыныбынан бастап қазақ мектебінде оқыдық.
– Тіл үйренуде қандай қиындықтар кездесті?
– Бұл сұраққа анық жауап бере алмаймын. Жастайымыздан қазақ балаларымен араласқаннан соң есімде жоқ. Алдымен «жүр», «отыр», «бар», «кеттік» деген сияқты сөздерді жаттап алдық. Ал мектепте ұстазым әр баламен жеке жұмыс істейтін. Сонда маған қиярдың суретін көрсеткенде мен оны «әгүршік» деген екенмін. Күнделікті естіп жүрген сөздерімді айтқаным ғой. Бірақ 1-4 сыныпта қазақ тіліндегі әңгімелерді оқығанда аса терең түсіне бермейтінмін. Себебі әдеби сөздер көп кездесетін. Бірақ 5 сыныптан бері берілген әңгімені оқып, түсініп, басынан аяғына дейін мазмұндап бере алатын болдым.
– Отбасыңызда, жұмыста екі тілде емін-еркін сөйлеуіңіз қалай әсер етеді?
– Үйде қазақша сөйлесеміз деп айта алмаймын. Ата-анам қарапайым сөздерді біледі, бірақ толықтай ойларын жеткізе алмайды. Апам қазақ тілін білетін. Себебі Тараз қаласында туып-өскен. Ал күйеуім – орыс ұлтының азаматы. Онымен орысша сөйлесеміз. Негізі мен 8 сыныптан кейін орыс тілінде оқыдым. Университетте де орыс бөлімінде білім алдым. Алайда жатақханада Тарбағатай, Күрішм, Марқакөл, Зайсан аудандарының қыздарымен 4 жыл тұрдым. Бөлмеде қазақша, оқуда орысша сөйлесетінмін. Кейін «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының қазақ редакциясында жұмыс істедім.
– Журналистика саласына қалай келдіңіз?
– Журналистикаға қазақ тілінің арқасында келдім деп айта аламын. Бұл бір кездейсоқ оқиға болды. Университет қабырғасында оқып жүргенде құрбым өзінің тойына шақырған еді. Алдымен қыз ұзатуға, кейін үлкен тойға бардық. Сол кезде құрбым тамадаға менің қазақ тілін білетінім туралы алдын ала айтып қойған екен. Жастарды құттықтауға шыққан кезде жүргізуші менімен қазақша сөйлесіп, мен жас жұбайларға тілегімді айттым. Қайтадан орныма отырып жатқанда жаныма Аида Тілеубайқызы келеді. Ол – «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы директорының орынбасары еді. Аида апай номерімді алып, кастингке шақырды. 19 тамызда, туған күнімде, телеарнаға бардым. Бірден жұмысқа алды. Сөйтіп, 5 жыл телеарнада еңбек еттім.
– Қазақ тілін білу кәсіби жолыңызға қалай әсер етті?
– Телеарнаға мені ешқандай тәжірибесіз жұмысқа алды. Кейін «Шығыс ақпаратта» жұмыс істеп жүргенде журналистика саласына қосқан үлесім үшін облыс әкімінен Алғыс хат алдым. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да еңбек еткенде қазақ тілін білетінім үшін басқаларға үлгі ретінде 40-50 мың теңге көлемінде үстемақы төлейтін еді. Қазір Өңірлік коммуникациялар қызметінде жұмыс істеймін. Орыс тілінде де, қазақ тілінде де ақпаратпен жұмыс істеу ауыр емес.
Қызмет барысында қызық оқиғалар да болып тұрады. Түсірілмге барғанда, сұхбат алғанда орыс ұлтының өкілі екенімді байқап, барлығы орысша сөйлесе бастайды. Тіпті орыс тілін білмесе де ойларын жеткізуге тырысады. Ал мен қазақша сөйлей бастағанда таңғалады. Брифингке келген спикерлер де іс-шараны екі тілде жүргізіп отырғанымды байқап, таңданысын жасырмайды.
– Қазақ тілі мен мәдениеті сіздің өміріңізге қалай әсер етті?
– Кез келген адам қай тілді білсе, сол елдің мәдениеті мен салт-дәстүрінен хабардар болады. Өзім қазақ халқының әдет-ғұрыптарын, мерекелерін жақсы білемін. Қазақтың ұлттық тағамдарын ұнатамын. Кішкентаймнан құрт, ірімшік пен сүзбе жеп өстім.
– Қазақ тілінің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Қазақ тілінің ерекшелігі – оның байлығы мен тереңдігінде. Шыны керек, осы күнге дейін қазақ тілін толық меңгергенмін деп айта алмаймын. Әдеби жағынан алғанда үйренерім көп. «Абай жолы» романын оқығанда сәл қиналған едім, жуықта қайтадан оқып шығуды жоспарлап жүрмін.
– Қазіргі қоғамда қазақ тілінің деңгейін қалай бағалайсыз?
– Бүгінде мемлекеттік тілдің мәртебесі жоғарылап келеді. Әсіресе жастар қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді. Тіпті мектеп оқушылары мен студенттер бірнеше тілді еркін меңгерген.
– Қазақ тілін үйреніп жүргендерге қандай кеңес бересіз?
– Егер қазақ тілін меңгергіңіз келсе, мейілінше сол ортада жүру керек. Мүмкіндік болса, қазақы ауылға баруға да болады. Күнделікті тіршілікті қазақ тілімен байланыстыру қажет. Айналадағылармен тек қазақша сөйлесіп, тілді тез әрі оңай үйреніп кетуге болады.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер