Бүгін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Оған жауапты басқармалар мен жергілікті әкімдіктердің өкілдері қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жеке қабылдау барысында азаматтар кәсіпкерлік, жылумен қамтамасыз ету, тұрғын үй сынды мәселелерді көтерді.
Мәселен, Өскемендегі Оңтүстік ауыл көшесінің тұрғындары жер үйлерінің ұзақ уақыт бойы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмай келе жатқанын жеткізді. Қала әкімі Алмат Ақышов қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын, ол алдын ала дерек бойынша 2026 жылдың екінші тоқсанында аяқталуы тиістігін айтты. Нұрымбет Сақтағанов мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін, белгіленген тәртіпке сәйкес бюджеттік өтінім беруді тапсырды. Жоба бойынша жұмыстар бюджет қаражаты бөлінгеннен кейін басталмақ.
Сондай-ақ Өскемендегі Есенберлин даңғылы, 33 мекенжайындағы «Ray Residence» тұрғын үй кешенінің құрылысына ақша салған бірнеше адам құрылыс жұмыстарының аяқталмағанына, компанияның өз міндеттемелерін орындамағанына шағымданды. Аймақ басшысы мәселенің заң жүзінде шешілуі тиіс екенін жеткізіп, зардап шеккен жандарға заңгерлік көмек көрсетілетіндігін айтты.
Ал Арман Зиятов есімді өңір тұрғыны «A-frame» форматындағы, яғни панорамалы терезелері бар үшбұрышты үйлер салу жобасын жүзеге асырғысы келетінін, жобаның Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін дамытуға, жұмыс орындарын құруға және инвестициялар тартуға бағытталғанын тілге тиек етті.
Нұрымбет Сақтағанов облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына өтініш берушіге мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін жіті түсіндіріп, жобаны іске асыру тетіктерін қарастыру міндетін қойды.
ШҚО әкімі басқа да тұрғындардың мәселелерін мұқият тыңдап, жан-жақты түсіндіріп, заң шеңберінде тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Әр өтініш бойынша жағдай бақылауға алынды.
Пікірлер